Білім келешегі: Жас ұрпақ – Жасампаздықтың негізі

Білім келешегі: Жас ұрпақ – Жасампаздықтың негізі

Бүгінгі таңда ел болашағы – жастардың қолында екені бәрімізге мәлім. Сол болашақтың іргетасын бүгіннен бастап дұрыс қалыптастыру – әр педагогтың, әр сала маманының, жалпы қоғамның ортақ міндеті. Осы орайда, Ақмола облысында өткен «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» атты облыстық конференция – тек салалық іс-шара ғана емес, ел ертеңіне деген сенім мен жауапкершіліктің айқын көрінісі болды.

Ауқымды іс-шараға білім мен тәрбие саласының мамандары, әскери-патриоттық бағыттағы жетекшілер, сондай-ақ педагогтер мен сала мамандары жиналды. Конференция барысында еліміздің жас ұрпағын жан-жақты дамытуға бағытталған маңызды ойлар мен  ұсыныстар ортаға салынды.

Спикерлер қатарында – ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығы бас директорының орынбасары Наталья Александровна Дрейт, «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы Қаз Нұрқуаныш Отанбекұлы, Ақмола облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің тәрбие және идеология жұмысы жөніндегі орынбасары, подполковник Ерболат Еленұлы Өтепов, сондай-ақ Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботакөз Балапайқызы Дүйсенова болды.

Іс-шара барысында «Көпшілік іс-шаралар арқылы жастардың бойына әділдік пен жауапкершілік, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық құндылықтарын дарыту» тақырыбында баяндамамен сөз сөйлеген туризм, дене шынықтыру және алғашқы әскери-технологиялық дайындық орталығы басшысының орынбасары Мейірбек Шәріпұлы Мұхатаев облыста атқарылып жатқан нақты жұмыстарға тоқталды. Ол жастар тәрбиесінде тек білім мен дағды ғана емес, рухани құндылықтардың маңыздылығына да ерекше мән берілетінін атап өтті.

Ал Ботакөз Дүйсенова өз құттықтау сөзінде: «Сіздерге жемісті жұмыс, тың идеялар мен шабыт тілеймін. Біздің ортақ миссиямыз – дені сау, білімді, отаншыл ұрпақ тәрбиелеу – бәрімізді қуантатын нәтижелерге жеткізсін», – деп, конференцияның мән-маңызына ерекше екпін берді.

Қазіргі таңда Ақмола облысында 1310 дене шынықтыру пәні мұғалімі мен 365 алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі еңбек етуде. Олар – жас ұрпақтың бойына тек пәндік білім ғана емес, елге деген сүйіспеншілік, жауапкершілік пен әділеттілік сезімін ұялатуға үлес қосып жүрген жандар.

Конференция соңында сала үздіктері арнайы төсбелгілермен, құрмет грамоталарымен, ұлттық мектеп лигасында жеткен жетістіктері үшін сыйлықтармен, алғыс хаттармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды. 50-ден астам мұғалім мен маман еңбегінің лайықты бағалануы – жас ұрпаққа бағытталған әрбір қадамның маңызын тағы бір мәрте көрсетті.