Ақмола облысында білім беру мекемелерін жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылы 34 білім беру нысанына күрделі жөндеу, 44 білім беру ұйымына ағымдағы жөндеу жүргізілді.
Зеренді ауданында жаңа оқу жылы қарсаңында 5 мектепке күрделі жөндеу жасалды. Олар: Қонысбай ауылының мектебі, Приречное ауылының мектебі, Өркен ауылының мектебі, Васильковка ауылының және Зеренді ауылы №1 мектептері.
Қонысбай ауылы Көкшетау қаласынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан. 1974 жылы салынған мектепке алғаш рет осындай ауқымды жаңғырту жүргізілді. Жөндеу жұмыстары екі жыл аясында жүргізілді.
Білім ордасының қабырғасында бүгінде балалардың сапалы білім алып, шығармашылық қабілеттерін дамытуына барлық жағдай жасалған. Әсіресе, материалдық-техникалық базаның нығаюы ерекше маңызды болды. 2025 жылы реновация жобасы аясында мектеп заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып жаңа физика кабинеті алынды. Бұл педагогтар мен оқушыларға кең мүмкіндіктер ашып, пәндерді мүлде жаңа деңгейде меңгеруге жол ашты.
«Балалардың жаңарған мектептің табалдырығын алғаш аттаған сәттегі көздеріндегі қуанышты сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бәрі жаңа, заманауи, жарық әрі әдемі – бұл жай ғана жөндеу емес, бұл жаңа мүмкіндіктер мен үміт», – деп айтты Қонысбай ауылы мектебінің директоры Гаухар Қасымова.
Мектептің ерекше мақтанышы – инклюзивті білім беруді қолдау кабинеті. Мұнда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасалған. Әр бала өз әлеуетін ашып, мектеп ұжымының толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне мүмкіндік алады.
Президенттің Жолдауы аясында облыста мектептерді реновациялаудың үш жылдық жоспары әзірленіп, бекітілді. Ол ауқымды күрделі жөндеу мен жабдықтауды көздейді. 2027 жылға дейін 90 мектеп реновациямен қамтылатын болады.