Мемлекет Басшысының жарлығына сәйкес жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және техникалық, кәсіптік білім беру жүйесін реформалау мақсатында 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды.
Жыл басынан Ақмола облысында Жұмысшы мамандықтары жылын өткізуге арналған өңірлік жоспар іске асырылып келеді. Аталған жоспарды облыс әкімі бекіткен, ол мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының және бизнестің қатысуымен 6 бағыт бойынша 58 іс-шараны қамтиды. Облыста Жұмысшы мамандықтары жылының ресми бастамасы 2000-нан астам қатысушыны жинаған Көкшетаудағы жастар форумынан басталды.
Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу аясында облыста өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларындағы сұранысқа ие, жойылып бара жатқан және трансформацияға ұшырап жатқан мамандықтарды бейнелейтін жаңа мамандықтар мен құзыреттер атласы әзірленді. Ағымдағы жылдың маусым айында осы болашақ мамандықтарға бейімделген білім беру бағдарламаларын енгізу бойынша семинар өтті.
«Бүгінде 170 кәсіпорын колледждерге шефтік қолдау көрсетіп отыр. 26 колледжде 6181 студентті қамтитын дуалды оқыту енгізілген. «Серпін» жобасы қайта жанданды: кәсіптік бағдар беру республикадағы еңбек ресурсы мол өңірлердің 100-ден астам мектебінде жүргізілді», – деді техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бөлімінің басшысы Нажмиден Нұралин.
«Наурыз айынан бастап 20 мыңнан астам мектеп оқушылары мен студенттер «Электрондық еңбек биржасы» платформасы арқылы жұмыс іздеуді үйренді. «Мансап компасы» атты тегін платформа іске қосылып, оған қазірдің өзінде 3929 оқушы қатысты», – деп толықтырды облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бөлімінің басшысы.
Сәуір айында 65 құзыреттілік бойынша «WorldSkills Aqmola–2025» өңірлік чемпионаты өтті, оған 300-ден астам студент қатысты. «DOSTI Skills Aktau 2025» халықаралық чемпионатында ақмолалықтар алтын және қола медальға ие болды.
Жұмысқа орналастыру бойынша колледждің үздік 50 түлегінің 45-і жұмыс тапты, олардың ішінде 25 үздік студент пен «Қазақстан колледждерінің ТОП-100 студенті» байқауының 6 жеңімпазы бар.
Маусым айында Көкшетауда 820 студентті жинаған «Мамандық Fest» мамандықтар парады өтті. Ауыл шаруашылығында жұмыс істеу үшін «Agro Qadam» атты студенттердің механикаландырылған жасағы іске қосылды.
Маңызды жобалардың ішінде – Көкшетау қаласындағы Жоғары техникалық колледждің Сингапурлық Marshall Cavendish Education ұйымымен әріптестігі, Advanced Manufacturing халықаралық аккредитациясы және Индустрия 4.0 Инновациялар орталығының құрылуы бар.
Айта кету керек, 2025 жылдың соңына дейін 750 орындық екі жатақхана пайдалануға беріледі. Қосшы қаласында заманауи зертханалармен, шеберханалармен және құзыреттер орталықтарымен жабдықталған халықаралық деңгейдегі колледждің құрылысы басталады.
«Осы жылдың 21–23 шілде күндері облыс студенттері «Балдәуренде» өткен республикалық жастар слетіне қатысып, онда көшбасшылық, патриотизм және кәсіби өсу мәселелері талқыланды. Жұмысшы мамандықтары жылы аясындағы іс-шаралар жалғасуда, ол білім беру, бизнес және жастар арасындағы тұрақты байланысты қалыптастыруда», – деп түйіндеді Нажмиден Нұралин.