Ақмола облысында жаңа оқу жылы басталды: 13 мыңнан астам бірінші сынып оқушылары мектеп табалдырығын аттады

Ақмола облысында жаңа оқу жылы басталды: 13 мыңнан астам бірінші сынып оқушылары мектеп табалдырығын аттады

1 қыркүйекте Білім күніне орай Ақмола облысының барлық жалпы білім беретін мектептерінде жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиындар өтті.

Салтанатты жиындарға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досулан Айтбаев Көкшетау қаласындағы №2 мектеп-лицейде, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов Көкшетау қаласындағы Техникалық лицейде, Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева Көкшетау қаласындағы №20 мектеп-гимназияда қатысты. Техникалық лицей мен №20 мектеп-гимназия «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған.

2025–2026 оқу жылында Ақмола облысында шамамен 13 350 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Білім күні 524 ақмолалық мектеп өз есігін айқара ашты, оның ішінде 518-і – мемлекеттік, 6-ы – жекеменшік мектеп.

Биыл өңірде 3 мектептің құрылысы аяқталуда:

- Целиноград ауданы, Жаңа жол ауылында – 80 орындық,

- Степногорск қаласы, Бестөбе кентінде – 300 орындық,

- Көкшетау қаласында – 588 орындық.

Жаңа мектептердің құрылысымен қатар, оқушылардың оқу жағдайын жақсарту мақсатында жыл сайын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Президент Жолдауы аясында облыста Ақмола облысы мектептерін реновациялаудың үш жылдық жоспары әзірленіп, бекітілді. Бұл жоспар ауқымды күрделі жөндеуді және жабдықтауды көздейді.

2027 жылға дейін күрделі жөндеуді және жабдықтауды қажет ететін 90 мектеп реновациямен қамтылады.