Жарқайың ауданында кәсіптік бағдарға жол ашқан «Жасыл зертхана»

Жарқайың ауданында кәсіптік бағдарға жол ашқан «Жасыл зертхана»

Жаңа оқу жылы қарсаңында, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Державинск қаласындағы Н. Островский атындағы жалпы білім беретін мектеп базасында «Жасыл зертхана» кабинеті салтанатты түрде ашылды.

Кабинеттің ашылу рәсіміне Жарқайың ауданы әкімінің орынбасары Арай Абенова және «Жер-1» ЖШС-нің бас агрономы Светлана Орехова қатысты.

«Жасыл зертхана» – бұл оқушылардың биология, экология, агрономия негіздерін меңгеріп, болашақ мамандықтармен танысуына мүмкіндік беретін заманауи білім беру алаңы», – деп атап өтті аудан әкімінің орынбасары.

«Мектеп жанындағы аумақта «ZARYA-2018» ЖШС салған 25 м²  жылыжай орнатылды. Мұнда балалар еңбексүйгіштікке, ұжымдық жұмысқа, экологиялық мәдениетке үйреніп, тәжірибелік зерттеулер жүргізеді», – деп қосты Арай Абенова. 

Сонымен қатар, мектеп пен «Жер-1» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Енді оқушылар шаруашылық алқаптарына барып, заманауи ауыл шаруашылығы технологияларымен танысып, жұмысшы мамандықтары туралы білімдерін кеңейте алады.

«Жасыл зертхана» – Жарқайың ауданындағы кәсіптік бағдар берудің маңызды құралына айналып, әрбір өскін балалардың жеке дамуы мен ауданның болашағына жасалған қадам болмақ.