Облыстың 28 колледжінде жаңа оқу жылында шамамен 19 мың студент білім алады. Оның ішінде 12,5 мыңы оқуын жалғастыратындар болса, 6,5 мыңы жаңадан қабылданғандар.
Бүгінгі күні өңір үшін сұранысқа ие мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырыс аясында колледждерге 5700 мектеп түлегін қабылдау жалғасуда. Кәсіпорындардың өтінімдері бойынша мақсатты мемлекеттік тапсырыс аясында оқу жылы басталғанға дейін кемінде 600 студент қабылданады. Бұл студенттерді оқу орнына түскеннен бастап жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Ақмола облысында пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Жоба аясында 10-11 сынып оқушыларына мектептегі оқуымен қатар Көкшетау қаласындағы Құрылыс-технологиялық колледждің және Степногорск қаласындағы Жоғары колледждің базасында жұмысшы біліктілігін алуға мүмкіндік берілген. Оқушылар оқуын аяқтаған соң орта білім аттестатымен бірге техникалық және кәсіптік білім диплом алатын болады», – деп айтты Ақмола облысы Білім басқармасының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бөлімінің басшысы Нажмиден Нұралин.
«Барлық колледждерде жұмыс берушілердің қатысуымен Индустриалдық кеңестер жұмыс істейді, өңірдің 700-ден астам кәсіпорнымен ынтымақтастық жалғасуда. Жаңа оқу жылында студенттерді дуалды оқумен қамтуды арттыру жұмысы жалғасады. Бүгінгі таңда бұл технология 26 колледжде енгізіліп, шамамен 6 мың студентті қамтып отыр», – деп қосты техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бөлімінің басшысы.
Студенттік жатақханалардағы орын тапшылығын шешу үшін Ақан сері атындағы Жоғары мәдениет колледжі мен Азаматтық қорғау жоғары көпсалалы колледжінде екі жатақхана салынып жатыр. Олар 750 орынға шақталған. Нысандарды биылғы жылы пайдалануға беру жоспарланған.
«Жалпы, оқу жылына білім беру ұйымдарын дайындау бойынша жоспарланған барлық шаралар белгіленген мерзімде аяқталады», – деп түйіндеді Нажмиден Нұралин.