Өнегелі еңбегімен танылған педагог: Ақмола облысының ұстазы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды

Өнегелі еңбегімен танылған педагог: Ақмола облысының ұстазы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды

Білім берудегі аса үздік жетістіктері мен Қазақстан Республикасына сіңірген ерекше еңбегі үшін, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, «Ерен еңбегі үшін» медалімен Ақмола облысы білім басқармасының "Білім-инновация" лицей-интернатының тарих пәнінің мұғалімі Құрмашев Абзал Назымбекұлы марапатталды.                                                                

Абзал Назымбекұлы 2001-2005 жылдар аралығында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде тарих және география мамандығы бойынша білім алған.

Еңбек жолын 2005 жылы туған жері – Қайрат ауылындағы орта мектепте тарих және география пәндерінің мұғалімі ретінде бастаған. 2010-2011 жылдары Ақмола облысы, Көкшетау қаласындағы №19 орта мектепте ұстаздық қызметін жалғастырды.

Ал 2011 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «Білім-инновация» лицей-интернатынде тарих пәні мұғалімі болып қызмет атқаруда. Педагогикалық еңбек өтілі – 19 жыл.

Лицей-интернаттың оқу ісі жөніндегі орынбасары Колпенова Асияның айтуынша, Абзал Назымбекұлы еңбек еткен жылдары өзін жоғары білікті, жауапты және шығармашылықпен ойлай білетін педагог ретінде танытқан. «Педагог-зерттеуші» санатының иегері. Ол оқушыларға жоғары талап қоя отырып, олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытып келеді.

«Оқушылары жыл сайын түрлі деңгейдегі білім сайыстары мен пән олимпиадаларында жүлделі орындарға ие болып жүр. Бұл – ұстаздың тынымсыз еңбегінің, кәсіби шеберлігінің және оқушыға деген жанашыр көзқарасының нәтижесі. Сонымен қатар, ол педагогикалық шеберлік байқауларына қатысып, зияткерлік конкурстар мен турнирлердің жеңімпаздарын дайындап жүр»,- деп қосты лицей-интернаттың оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Абзал Курмашев – жас ұрпақты тарихи санамен тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде өзіндік қолтаңбасы бар, тәжірибелі әрі жаңашыл ұстаз. Оның қажырлы еңбегі мен табандылығы – келешек буын үшін үлгі боларлықтай.