2025 жылы «БІЛІМ КЕЛЕШЕГІ: АДАЛ АЗАМАТ, КӘСІБІ МАМАН» атты Республикалық тамыз саммитінде Ақкөл ауданы, Урюпинка ауылындағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы кешеннің директоры Алдажарова Юлия Сергеевна Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың қолынан «БІЛІМ БЕРУ ІСІНІҢ ҚҰРМЕТТІ ҚЫЗМЕТКЕРІ» төсбелгісімен марапатталды. Бұл награда білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін берілді.
Юлия Сергеевна – өз ісіне берілген, 30 жылдан астам тәжірибесі бар кәсіби маман әрі көшбасшы. Оның 24 жылы білім беру саласына арналған. Еңбек жолын қарапайым техникалық қызметкерден бастаған, кейін тәрбиеші, директордың орынбасары болды, ал бүгінде арнайы кешенді басқарып отыр.
Оның басшылығымен мекеменің материалдық-техникалық базасы нығайып, оқытуда заманауи әдістер енгізіліп, педагогтардың кәсіби өсуіне жағдай жасалуда. Соның арқасында балалардың білім сапасы жыл сайын артып келеді.
Алдажарова Ю.С. – педагог-зерттеуші, әдістемелік ұсынымдардың авторы. Бұл еңбектері 2024 жылы Алматы қаласында жарық көрген Ұлттық ғылыми-практикалық арнайы және инклюзивті білім беруді дамыту орталығының жинағына енгізілген. Ол арнайы білім беру ұйымдарының мониторингі бойынша республикалық семинарлар мен жұмыс топтарының жұмысына қатысқан. 2023 жылы Қостанайда өткен Қазақстан педагогтарының тамыз кеңесінде «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында баяндама жасады.
Ұжым өкілдерінің айтуынша, жүйелі жұмыстың нәтижесінде кешен тәрбиеленушілері «Жұлдызай», «ARTE ITALIANA», «Астана Жұлдыздары», «Қазақстан – менің алтын бесігім» және басқа да халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары мен жеңімпаздары атанып жүр.
«Сондай-ақ, мекеме педагогтары облыстық және республикалық «Арнайы білім беру ұйымының үздік педагогы» конкурстарында жүлделі орындарға ие болып, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің алғыс хаттарымен марапатталып жүр», – деп айтты арнайы кешеннің педагогтары.
Юлия Алдажарова – жаңашыл, көшбасшы әрі тәлімгер ретінде әріптестерінің құрметіне, кәсіби қауымдастықтың мойындауына ие болған ұстаз. Ол өз өмірін жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқыту ісіне арнаған.