2024–2025 оқу жылында Ақмола облысында 29 колледж маман даярлаумен айналысуда. Бұл оқу орындарында шамамен 19 000 студент білім алуда. Ағымдағы оқу жылы колледждер 6 000-нан астам түлекке жолдама беріп отыр, олардың 550-уі оқуын үздік нәтижемен аяқтап, қызыл дипломға ие болды.
Бүгін Көкшетау қаласындағы «Bolashaq Saraiy» -нда Жұмысшы мамандықтары жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының үздік түлектеріне қызыл дипломдарды салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.
Бұл іс-шара жоғары академиялық жетістіктерімен ерекшеленген 55 жас мамандар үшін маңызды оқиғаға айналды. Олар үшін бұл күн – атқарған еңбектің жемісі мен болашақ кәсіби жолының жаңа кезеңінің бастауы.
Салтанатты рәсімге Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев қатысып, өңір басшысы Марат Ахметжановтың құттықтауын жеткізіп, түлектерге табыс пен кәсіби жетістіктер тіледі.
Іс-шараға сонымен қатар «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек және колледждердің әлеуметтік серіктестері қатысып, үздік түлектерге қызыл дипломдармен қатар, жұмысқа орналасуға арналған жолдамалар да табыстады.
Сондай-ақ, Ақмола облысынан «Қазақстанның ТОП-100 үздік студенті» тізіміне енген колледж студенттері 100 000 теңге көлеміндегі ақшалай сертификаттармен марапатталды. Ал аймақтық іріктеу кезеңінде жеңімпаз атанған студенттерге 50 000 теңге мөлшерінде ақшалай сыйлықтар табысталды.