Петропавл қаласы, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің базасында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының арнайы пәндер оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері арасында халықаралық кәсіптік шеберлік конкурсы өткізілді.
Ақмола облысынан жарысқа Шағалалы ауылы, Жоғары агротехникалық колледжінің педагогтері қатысты: арнайы пәндер оқытушылары Бегенов Санат Зейноллаұлы, Баяғанов Алмас Кеңесұлы, өндірістік оқыту шебері Қабиболла Еламан Серікұлы.
Кәсіби шеберлік байқауының үш кезеңінің қорытындысы бойынша біздің педагогтер тамаша нәтижелер көрсетті:
І орынды - Баяғанов А.К. «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша жеңіп алды;
4 орынды Бегенов С.З. «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша алды;
Қабиболла Е.С. «Электрмен жабдықтау (салалар бойынша)» мамандығы бойынша жеңімпаз атанды.
«Бүгінде кәсіби шеберлік байқаулары — тәжірибе алмасуға, біліктілікті арттыруға және білім беру үдерісіне инновациялық тәсілдерді енгізуге арналған маңызды алаңға айналды. Арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері — еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауда басты рөл атқарады», — деп атап өтті Чаглинка ауылы колледжінің директоры Арман Оспанов.
Атап айтсақ, қазіргі таңда кәсіби дағдылар мен білім — табыстың басты кілті. Колледж педагогтерінің кәсіби шеберлік байқауларына қатысуы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында заманауи, инновациялық білім беру ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.