Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуда. Бұл – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі айтулы оқиға. Қазақстан халқы Ассамблеясы – еліміздегі әртүрлі этностар мен мәдениеттердің басын қосып, татулық пен келісімнің орнауына, ұлттық бірліктің нығаюына айрықша үлес қосқан бірегей институт. Ол «Елдің бірлігі – мемлекеттің тірегі» деген қағиданы өзінің негізгі бағыты етіп, осы айтулы кезеңде мемлекетіміздің даму жолындағы маңызды рөлін дәлелдеді.
1995 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен құрылған Ассамблея елдегі қоғамдық тұрақтылық пен этносаралық келісімді нығайту мақсатында кеңесші орган ретінде жұмыс істей бастады. Биылғы мерейтой – бұл ұйымның, яғни Қазақстанның ұлттық бірлігі мен этникалық әралуандығын дамытудағы ұзақ жолды еске алуға арналған маңызды шара.
Көкшетау қаласындағы Достық үйі еліміздің маңызды құрылымдық бөліктерінің біріне айналып, 30 жыл бойы өз қызметін белсенді түрде жалғастырып келеді. Ол Ақмола облысы мен Көкшетау қаласы бойынша түрлі этностар мен мәдени топтар арасындағы татулықты нығайтуға және бірлікті сақтау мақсатында жұмыс істейді. Достық үйінің негізгі қызметтері: халықтың түрлі мәдениеттерін таныстыру, этносаралық келісім мен бейбітшілікті нығайту бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастыру. Осы ортақ шаңырақта мәдени әртүрлілікті көрсету үшін түрлі этникалық фестивальдер мен көрмелер өткізіп тұрады. Бұл шаралар қала тұрғындары мен қонақтарына әр ұлттың мәдениетін тереңірек танып білуге мүмкіндік беріп, облыс тұрғындарының ерекше бірлігін көрсетеді.
2024 жылдың 11 қазанында Астана қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблея Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, 2025 жылы ҚХА-ның 30 жылдық Мерейтойын мерекелеуге дайындық жұмыстары талқыланды. Жиын барысында, сондай-ақ, қазақстандық қоғамның бірлігін нығайтуға және жастар арасында дұрыс құндылықтарды қалыптастыруға ықпал ететін ҚХА-ның 13 арнайы жобасын іске асыру барысы да атап өтілді. Ақпарат және мәдениет министрлігінің мәліметінше, Ассамблеяның 30 жылдығын мерекелеу аясында елімізде және шетелде түрлі форматта 150-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, кемінде 1,5 миллион адамды қамту жоспарлануда.
Ұйым жұмысы тек мәдени шаралармен ғана шектелмейді. Ол қоғамдағы этникалық мәселелерді шешуге, ықтимал қақтығыстардың алдын алуға, ұлттық бірлікті нығайтуға белсене атсалысады. Ассамблея өкілдерімен диалог және келіссөздер арқылы түрлі мәселелер талқыланып, ортақ шешімдер қабылданады. Бұл – Қазақстанның ұлттық бірлігін нығайтудағы маңызды қызмет.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы – біз үшін татулық пен бірліктің, достық пен келісімнің құндылығын тереңірек сезінетін уақыт. Еліміздегі әрбір ұлт өкілі өз мәдениетін, тілін дамыта отырып, ортақ Отанымыздың гүлденуіне үлес қоса алады. Бірлігіміз бекем болса ғана, мемлекетіміздің іргесі мығым болады. Сондықтан, Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы – бұл еліміздің болашағы үшін аса маңызды.
Осы мерейлі мерекеде барша қазақстандықтарды бірлікке, ынтымаққа шақырамыз. Қазақстан – біздің ортақ үйіміз, осы үйдің шаңырағы биік, іргесі берік болуы үшін барлығымыз бірге еңбек етуіміз керек. Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына сәттілік тілей отырып, оның алдағы уақытта да еліміздің бірлігі мен тұрақтылығына қызмет ете беретініне сенім білдіреміз!
Б.Касенов
Ақмола Дін істер басқармасының
«Конфессияаралық қатынастарды
талдау және дамыту орталығы»
КММ басшысы