Өңірдің цифрлық болашағы: Ақмола облысы мен Qazaq CyberSport Federation күш біріктірді

Өңірдің цифрлық болашағы: Ақмола облысы мен Qazaq CyberSport Federation күш біріктірді

 

 

Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасы мен «Qazaq CyberSport Federation» республикалық қоғамдық бірлестігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, серіктестік ниеттерін ресми түрде бекітті. Құжатқа басқарма басшысы Мағжан Ержан және федерацияның вице-президенті Ефим Черваков қол қойды.

Серіктестіктің негізгі мақсаты - өңірде киберспорт экожүйесін жүйелі дамыту, цифрлық бағыттарды жастар саясатына енгізу және бірлескен технологиялық жобаларды жүзеге асыру. Меморандум кәсіби турнирлер ұйымдастыру, медиа-науқандар өткізу және білім беру бастамаларын іске асыру бойынша ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізін қалайды.

Меморандумды жүзеге асырудың маңызды кезеңдерінің бірі – Ақмола облысында ауқымды республикалық киберспорт чемпионатын өткізу. Алдағы жарыс халықаралық деңгейдегі үздік ойыншыларды жинап, ірі технологиялық брендтердің назарын аударуға және өңірдің Қазақстандағы перспективалы цифрлық алаңдардың бірі ретіндегі мәртебесін нығайтуға бағытталған.

«Бүгінде киберспорт - жай ғана ойын индустриясы емес, бұл жастардың цифрлық дағдыларын дамытатын драйвер әрі заманауи креативті экономиканың маңызды бөлігі. Qazaq CyberSport Federation-мен ынтымақтастық бізге жарыстарды ұйымдастыруды жаңа сапалы деңгейге көтеріп, Көкшетауда цифрлық таланттарды тартатын орталық қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті басқарма басшысы Мағжан Ержан.

Меморандум аясында имидждік және әлеуметтік маңызы бар бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Олардың қатарында: жастар мен студенттерге арналған ашық есік күндері; танымал блогерлердің қатысуымен «Мемлекеттік қызметкердің бір күні» атты интерактивті жобалар; мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыруға және киберспорт қауымдастығын өңірдің қоғамдық өміріне тартуға бағытталған әлеуметтік және экологиялық акциялар бар.

 

Тараптар мемлекеттік ресурстар мен федерацияның сараптамалық тәжірибесінің үйлесімі Ақмола облысында киберспортты дамыту жол картасын тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сенімді.