Сіз «ақ дақтар» деген не екенін ойланып көрдіңіз бе? Жоқ, бұл киімдегі іздер немесе жер бедерінің ерекшеліктері туралы емес. Цифрлық әлемде «ақ дақ» — бұл мобильді байланыс іс жүзінде жоқ аймақтар. Яғни, сигнал әлсіз болып, маңызды қоңырау шалу, хабарлама жіберу немесе интернетті пайдалану мүмкін болмайтын орындар.
Мұндай аймақтарды жою — қалалық инфрақұрылымды дамытудың маңызды бағыттарының бірі. 2024–2025 жылдары жүргізілген мониторинг нәтижесінде Көкшетау қаласында «КаР-Тел» ЖШС желісінде осындай 12 учаске анықталды.
Оператордың желіні дамытуға бағытталған белсенді жұмысының және тұрғындардың сұраныстарына жедел жауап беруінің арқасында 2025 жылы 9 «ақ дақ» толық жойылды. Бұл мыңдаған абонент үшін байланыс сапасын арттырып, қамту аумағын едәуір кеңейтті.
Бұл бағыттағы жұмыстар 2026 жылы да жалғасуда. Тиімді өзара іс-қимылдың жарқын мысалы — Галочья төбесі шағынауданындағы мәселенің шешілуі.
Көкшетау қаласының әкімдігі мен Цифрландыру және архивтер басқармасының қолдауымен «КаР-Тел» ЖШС антенна-мачталық құрылымды (АМҚ) салуды аяқтады. Қазіргі таңда нысан толық пайдалануға беріліп, қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Шағынаудан тұрғындары тәулік бойы сапалы мобильді байланыс пен жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізді.