Ақмола облысының архив қызметі

Ақмола облысының архив қызметі

Ақмола облысының архив қызметі – кең тармақталған жүйе. Оның құрамына Цифрландыру және архивтер басқармасының архивтер бөлімі және 21 мемлекеттік архив кіреді: 1 облыстық, 3 қалалық және 17 аудандық архив. Салада 210 маман еңбек етеді, олардың 82%-ының жоғары білімі бар. Мамандардың орташа жасы – 44 жас, орташа еңбек өтілі – 10,6 жыл.

Мемлекеттік сақтауда 5 955 қорда жинақталған 1 575 326 іс бар. Негізгі бөлігін басқарушылық қызмет құжаттары (1 014 556 іс), жеке құрам бойынша құжаттар (521 963 іс), сондай-ақ фотоқұжаттар, аудио және бейнематериалдар, ғылыми-техникалық құжаттама мен жеке тектік құжаттар құрайды.

Облыс бойынша архив қоймаларының орташа жүктемесі 95%-ға жеткен, оның ішінде 8 архивте – 100%. Барлық мемлекеттік архивтер күзет және өрт дабылымен қамтамасыз етілген, олардың 76,2%-ы автоматты өрт сөндіру жүйесімен жабдықталған. Бұл – Ұлттық архив қорының сақталуын қамтамасыз етудегі маңызды шарт.

Архив қорлары жыл сайын толықтырылып отырады. 2024 жылы мемлекеттік сақтауға 16 577 сақтау бірлігі қабылданды, ал 2025 жылдың 9 айында – 11 255 сақтау бірлігі түсті. Оның ішінде басқарушылық құжаттар, жеке құрам бойынша материалдар, фото және бейнематериалдар бар.

Цифрландыру аясында облыс архивтері 280 647 сақтау бірлігін электрондық форматқа көшірді, бұл жалпы көлемнің 17,7%-ын құрайды. 2024–2025 жылдары БЭАД ақпараттық жүйесіне жүздеген қорлар мен тізімдемелер, сондай-ақ 98 мыңнан астам іс бойынша деректер енгізілді. Бұл архивтік ақпараттың қолжетімділігін айтарлықтай арттырды.

Азаматтар мен ұйымдардың сұраныстарымен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлінеді. 2024 жылы 22 615 сұраныс орындалса, 2025 жылдың 9 айында – 21 666 сұраныс қаралды. Олардың басым бөлігі әлеуметтік-құқықтық сипатқа ие. Сонымен қатар архивтер тарихи мұраны насихаттау бағытында белсенді жұмыс жүргізуде: соңғы екі жылда ондаған көрме, экскурсия, танымдық сабақтар ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдарында жүздеген материал жарияланды.

Архивист күні – архив саласы мамандарының тарихи жадты сақтаудағы, цифрлық сервистерді дамытудағы және азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етудегі еңбегін нақты нәтижелер мен көрсеткіштер арқылы айқындап көрсететін маңызды мереке.