
Ақмола облысының әкімдігінде Қазақстан Республикасындағы Францияның Төтенше және Өкілетті Елшісімен маңызды кездесу өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы – аймақтағы өмір сапасына тікелей әсер ететін серіктестік мүмкіндіктері мен бірлескен жобалар.
Бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары:
1.Денсаулық сақтау: Көкшетау қаласында көпсалалы өңіраралық аурухана салу мәселесі талқыланды. Жобаға француз тарабы қолдау білдірді.
2.Ауыл шаруашылығы (Smart АӨК): Саланы тиімді дамыту үшін жасанды интеллект (ЖИ) пен цифрлық шешімдерді енгізу бойынша ұсыныстар қарастырылды.
3.Цифрландыру және ЖИ: Жасанды интеллектті қолдану және цифрлық трансформация саласында бірлескен шешімдер әзірлеу мен тәжірибе алмасу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Кездесу барысында Digital Aqmola өкілдері француз делегациясына өз бастамаларын және «Digital Region» (Цифрлық өңір) тұжырымдамасын таныстырды.
Digital Region – бұл өңірді деректерге сүйене отырып басқару, тұрғындарға қолайлы цифрлық сервистер ұсыну және жасанды интеллектті тиімді қолдану.
Тараптар ынтымақтастықты жалғастырып, басым бағыттар бойынша нақты қадамдарға көшуді, сондай-ақ Францияның озық тәжірибесін Ақмола облысын дамытуға пайдалануды келісіп бекітті.