«Таза Қазақстан»: экологиялық күн тәртібі мен әлеуметтік жауапкершілік

«Таза Қазақстан»: экологиялық күн тәртібі мен әлеуметтік жауапкершілік

«Таза Қазақстан»: экологиялық күн тәртібі мен әлеуметтік жауапкершілік

2025 жылғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан тек технологиялық емес, экологиялық тұрғыдан да дамуы тиіс екенін атап өтті. Осы орайда «Таза Қазақстан» бағдарламасы ұлттық басымдыққа айналуда.

Мемлекет басшысы экологиялық ағартудың бірыңғай стандартын енгізуді ұсынып, табиғатты аялау мәдениетін бала жастан қалыптастырудың маңызын көрсетті. Әсіресе су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне назар аударылып, оны басқару үшін бірыңғай цифрлық платформа құрылатыны айтылды.

Президент: «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әр көшеден және әр қаладан басталуы тиіс. “Таза Қазақстан” акциясы бір реттік шара болмай, біздің өмір салтымызға айналуы керек», — деп атап өтті.

Маңызды бағыттардың бірі – энергетика саласын дамыту. Қазақстан екінші және үшінші атом электр станциясын салуды жоспарлауда. Бұл елді тұрақты әрі экологиялық таза энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы: «Бір жыл бұрын біз бәріміз бірге “Таза Қазақстан” жобасын бастадық. Осы бастаманың алғашқы күнінен белсене қатысып келе жатқан баршаңызға шын жүректен алғысымды білдіремін… Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде қоғам игілігі үшін аянбай еңбек етіп жатырсыздар. Бұл — өзгелерге үлгі», — деді.

Сонымен қатар жаңа Құрылыс кодексінде экологиялық талаптар ескерілмек. Ал көлік саласындағы даму бағдарламалары мультимодальды бағыттар мен контейнерлік тасымалдарды енгізу арқылы көміртек ізін азайтып, логистиканы барынша экологиялық етуге бағытталады.

«Таза Қазақстан» тек экология ғана емес, сонымен бірге қоғамның жаңа үлгісі: мұнда тазалық пен тәртіп — норма. Президент кез келген құқықбұзушылыққа нөлдік төзімділік қағидатын ұстануға шақырып, тазалық тек аулаларда ғана емес, қоғамдық өмірде де сақталуы қажет екенін атап өтті.

Осылайша, «Таза Қазақстан» — экономика дамуы мен экологиялық жауапкершілік, құқықтық тәртіп пен әлеуметтік әділеттілік қатар өрілетін стратегиялық бағдар.