Цифрландыру – стратегиялық бағыт: Қазақстан технологиялық серпіліске дайындалуда

Цифрландыру – стратегиялық бағыт: Қазақстан технологиялық серпіліске дайындалуда

Цифрландыру – стратегиялық бағыт: Қазақстан технологиялық серпіліске дайындалуда

2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дамуының басты бағыты – ауқымды цифрлық трансформация екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Жасанды интеллект министрлігін құруды, Цифрлық кодексті жедел қабылдауды және Реттеушілік интеллект орталығын ашуды ұсынды. Бұл бастамалар Қазақстанның білім экономикасына және инновацияларға көшуінің іргетасы болмақ.

Цифрлық платформаларға да ерекше көңіл бөлінді: су ресурстарын басқарудың бірыңғай жүйесі және көші-қон ағымдарын бірыңғай цифрлық есепке алу енгізіледі. Сонымен қатар, Алатау қаласы толықтай цифрлық қала мәртебесіне ие болып, тікелей Үкіметке бағынады. Бұл — елдегі болашақ «ақылды қалалардың» үлгілік жобасы.

Қаржы саласында Президент Ұлттық банк негізінде Цифрлық активтердің мемлекеттік қорын құруды ұсынды. Ол стратегиялық крипторезерв жинақтай отырып, Қазақстанның әлемдік цифрлық қаржы нарығындағы орнын нығайтады.

Президент: «Ауқымды цифрландыру мен жасанды интеллект технологиясын белсенді енгізу арқылы біз экономиканы жаңғыртуымыз қажет. Алғашқы қадам ретінде Цифрлық кодексті қабылдауды жеделдету керек… Жаңа технологиялық жүйенің бөлігі болу үшін мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі өзгертіп, оның ашықтығын, тиімділігін және адамға бағытталуын бірнеше есеге арттыру қажет», — деді.

Сонымен бірге, ол: «Мен Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық елге айналдыру жөнінде стратегиялық тұрғыдан аса маңызды міндет қойдым», — деп ерекше атап өтті.

Осылайша, цифрландыру енді бөлек бағыт емес, мемлекеттік басқару мен экономиканың негізіне айналуда. Бұл бизнеске, қоғамға және әрбір азаматқа жаңа мүмкіндіктер ашады.