
Алғабас ауылында OneWeb жүйесі арқылы қоғамдық Wi-Fi қосылды
Ақмола облысының Алғабас ауылында OneWeb төмен орбиталы жер серіктері (ТОЖС) арқылы жұмыс істейтін қоғамдық Wi-Fi нүктесі іске қосылды. Жоба Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тарапынан «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылды.
Жобаның басты мақсаттарының бірі – шалғайдағы және халық саны аз елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету. Мұндай ауылдарға талшықты-оптикалық желілер тарту немесе мобильді станциялар орнату тиімсіз болғандықтан, ТОЖС жүйесін пайдалану оңтайлы шешім болып отыр. Бұл технология басқа мүмкіндіктер қолжетімсіз жерлерде де тұрғындарға тұрақты әрі жылдам интернет ұсынуға жол ашады.
Ұлттық жоба аясында 504 ауылды интернетке қосу жоспарланған. Қазірдің өзінде 176 елді мекен KazSat серіктері арқылы қосылған, ал тағы 328 ауыл OneWeb жүйесімен қамтамасыз етілмек. Алғабас ауылындағы іске қосу осы жоспардың алғашқы қадамдарының бірі болды.
Жергілікті тұрғындар жаңа мүмкіндік өмірлерін айтарлықтай жеңілдеткенін атап өтуде.
«Бұрын біздің ауылда мүлдем байланыс болмады. Сигнал ұстау үшін үш шақырым жердегі таудың басына шығатынбыз. Енді ауылда интернет бар. Біз қазірдің өзінде туыстарымызбен байланысып үлгердік», — дейді Алғабас тұрғыны Ботагөз Хусаинова.
Енді ауыл халқы цифрлық технологиялардың барлық игілігін пайдалана алады: онлайн-білім алып, электронды мемлекеттік қызметтерге қол жеткізіп, жақындарымен еркін сөйлесе алады.
Алғабастағы Wi-Fi нүктесінің іске қосылуы – цифрлық трансформацияның елдің ең шалғай түкпірлерін де қамтып, интернетті әрбір азаматқа қолжетімді етіп келе жатқанын көрсетеді.