Макинск қаласында салынған 45 пәтерлі үй пайдалануға берілгеннен бастап құжаттарды рәсімдеу жұмыстары аяқталып, бүгін бірінші кезеңде «Нұрлы жер» бағдарламасының «Шаңырақ» бағыты бойынша жергілікті атқарушы орган кезегінде тұрған 20-дан астам аудан тұрғыны өз баспаналарын алды. Аталған үйдегі бір шаршы метрдің құны 130 мың теңгені құрайды.
«Бүгін көптен күткен күн, 2015 жылдан бері кезекте тұрдым. «Шаңырақ» бағдарламасының, жеңілдетілген несие бойынша көптен күткен пәтерді алуға мүмкіндіктің бар екеніне өте қуаныштымын», - деп бөлісті Макинск қаласының тұрғыны Теміров Әнуар.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Макинск қаласында 105 пәтер пайдалануға берілген болатын. Биыл ЖАО-да кезекте тұрғандар үшін 60 және 224 пәтерлік екі тұрғын үйді аяқтау жоспарлануда. Бұл пәтерлер де «Отбасы банк» АҚ арқылы берілетін болады.