Бұланды ауданының Капитоновка ауылында көпбалалы екі отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді

Бұланды ауданының Капитоновка ауылында көпбалалы екі отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді

Капитоновка ауылының тұрғындары Сергей Чумаков пен Константин Биниман «Журавлевка-1» серіктестігінде көп жалдан бері жұмыс істейді. Олар тұрып жатқан үйлері тар әрі апатты жағдайдағы үй болғандықтан, ауыл әкімшілігінен, серіктестік басшылығынан көмек сұрап, бірнеше рет өтініш білдірген.
Бұл көпбалалы отбасылардың өтініштеріне бей-жай қарай алмаған серіктестік құрылтайшысы Құдайбергенов Ғалым Құлжанұлының шешімімен өз жұмыскерлерінің жайлы жағдайда өмір сүруіне қолдау көрсету үшін екі үй сатып алынды. Қазіргі таңда, үйлерге су кіргізіліп, толықтай жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Салтанатты түрде үй кілттерін табыстаған аудан әкімінің орынбасары Кенжебике Исмағамбетова мен серіктестіктің атқарушы директоры Тимур Андаров үй иелерін қуанышты сәттерімен құттықтап, оларға зор денсаулық, отбасылық амандық тіледі.
Өз кезегінде, үй иелері осындай кең, жарық және жайлы тұрғын үйге қол жеткізгені үшін «Журавлевка-1» басшылығына зор алғысын білдірді.
Қазіргі таңда ауданда 478 көпбалалы отбасы бар. 2019 жылы ауданда 15 көпбалалы отбасы, оның 5-і ауылдық округтерде тұрғын үйге қол жеткізсе, ағымдағы жылы Макинск қаласының 42 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтылды.
Сонымен қатар, жоғарыда аталған «Журавлевка-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ауыл тұрғындарының ауылдан кетпеуіне, мектеп бітірушіліердің оқу оқып қайтадан ауылға келуіне қолайлы жағдай жасап, жұмысқа орналастырып, тұрғын үймен қамтамасыз етіп отырғанын ерекше атап өткен жөн. Сондай ақ, осы серіктестіктің көмегімен, Капитоновка ауылында өзекті мәселе болған ауыз су мәселесі шешіліп, жолдар жөнделіп, спорттық алаң салынып, ауылдық Мәдениет үйінде жаттығу залын ашу жоспарлануда.