«Бұланды ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ (020500, Ақмола облысы, Бұланды ауданы, Макинск қаласы, Некрасов көшесі, 19, телефон: 87164621426, электрондық мекенжайы: bulandy_zsp@aqmola.gov.kz) азаматтық қызметшінің бос лауазымына орналасуға конкурс жариялайды:
Бұланды ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры
Конкурсқа қатысушыларға қойылатын талаптар:
Лауазымдық міндеттері: орталықтың жұмысына жалпы басшылықты жүзеге асырады; орталықтың жұмыс істейтін аумағында тұратын арнаулы әлуеметтік қызметтерге және әлеуметтік қызмет көрсетуге мұқтаж азаматтарды анықтау және есепке алу жұмысын жүргізуді қамтамасыз етеді; орталық қызметін ағымдағы және перспективалық жоспарлауды ұйымдастырады; әлеуметтік көмек түрлері мен нысандарын айқындау, қажеттілікті белгілеу мақсатында жалғыз басты қарттар мен мүгедектігі бар адамдардың, мүгедектігі бар балалардың материалдық-тұрмыстық жағдайларын тексеру жұмысын ұйымдастырады; әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдардың дерекқорын қалыптастырады; халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандартына сәйкес орталық мамандарының жұмыс көлемі мен қызмет көрсетілетіндердің санын айқындайды; көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің көлемі және сапасын және олардың қызмет көрсетілетін азаматтардың қажеттіліктеріне сәйкестігін, орталық қызметкерлері жұмысының тиімділігін ұдайы бақылауды жүргізеді; орталық жұмысын талдау және болжауды жүргізеді, оның қызметін жақсарту бойынша шараларын қабылдайды; мұқтаж азаматтардың стационар, жартылай стационар, уақытша болу жағдайларында жұмыс істейтін мекемелерге немесе ұйымдарға, арнайы түзету, оңалту мекемелеріне немесе ұйымдарына орналастыруға жәрдемдеседі; орталық клиенттеріне әлеуметтік қызмет көрсету мәселелері бойынша денсаулық сақтау, білім беру, қайырымдылық және діни бірлестіктермен өзара іс-қимылды жүзеге асырады; халыққа, оның ішінде мұқтаж адамдарға құжаттарын ресімдеуде консультациялық көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастырады; қамқоршылық, қорғаншылық мәселелерін шешуге қатысады; жұмыстың халыққа арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған жаңа нысандары мен әдістерін енгізуді және қолданыстағыларын жетілдіруді қамтамасыз етеді; орталық мамандарының белгіленген құжаттаманы (қатысуды есепке алу және жеке сабақтар журналы, сабақ жоспарлары немесе әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық қызмет көрсететін мамандардың жұмыс циклограммалары, бала жағдайы мен даму қарқыны жөніндегі құжаттаманы) жүргізуін бақылауды қамтамасыз етеді; орталық қызметкерлерін оқытуды, тәжірибе алмасуын, біліктілігін арттыруды ұйымдастырады; қызметкерлердің еңбек ынталылығын, бастамашылығын және белсенділігін дамытуға ықпал етеді; бөлінетін бюджет қаражатын, сондай-ақ ҚР заңнамасына қайшы келмейтін қаржыландыру көздерінен түсетін қаражатты ұтымды пайдалануды қамтамасыз етеді; жоғары тұрған ұйымдарға үйде қызмет көрсетудің нысандары мен әдістерін және түрлі заттай көмек көрсету түрлерін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді; қажетті есеп беруді, статистикалық мәліметтердің дәйектілігін қамтамасыз етеді; ішкі еңбек тәртібі қағидаларының, еңбек қауіпсіздігі және қауіпсіздік техникасы қағидаларының, өртке қарсы нормалар талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді және басқаларға.
Лауазымдық жалақының мөлшері өтіліне байланысты 226964 теңгеден 275188 теңгеге дейін.
Мыналарды білуге тиіс:
Қазақстан Республикасының Конституциясын;
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексті;
Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексті;
Еңбек кодексін;
Әлеуметтік кодексін;
Тіл туралы заңды;
Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы заңды;
Баланың құқықтары туралы заңды;
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңды;
Мемлекеттік сатып алу туралы заңды;
халықты әлеуметтік қорғау саясатының негізгі бағыттарын;
ұйым бейінін, мамандануы мен ерекшеліктерін;
әлеуметтік қызмет түрлерін;
әлеуметтік жұмыс теориясы мен әдістемесін;
қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға, оның ішінде мүгедектігі бар балаларға қызмет көрсетуді ұйымдастыруды;
әлеуметтік жұмыс негіздерін;
социология негіздерін, жеке тұлға психологиясын және зейнеткерлік жастағы адамдарға және мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға көмектің әлеуметтік-психологиялық аспектілерін;
үй жағдайында науқасты күту жөніндегі санитариялық-гигиеналық талаптарды;
соғыс және еңбек ардагерлері үшін белгіленген жеңілдіктер мен басымдықтарды;
әлеуметтік түрлі ортада жұмыс істеу ерекшеліктерін;
педагогика, психологиялық профилактика, этика және деонтология, психопатология негіздерін;
қорғаншылықты және қамқоршылықты, үйде қызмет көрсетуді ресімдеу мәселелері жөніндегі әдістемелерді;
үйдегі әлеуметтік көмекті ұйымдастыру жөніндегі озық отандық және шетелдік тәжірибені;
шарттар жасау және орындау тәртібін;
салық және бюджет заңнамасының негіздерін;
қаржы-шаруашылық қызметті ұйымдастыруды;
Өрт қауiпсiздiгi қағидаларын.
Біліктілікке қойылатын талаптар:
Жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейінгі) білім (әлеуметтік, медициналық, педагогикалық, экономикалық, заң) және ұйымның бейініне сәйкес келетін экономикалық қызмет түрінде жұмыс өтілі кемінде 3 жыл.
Құжаттарды қабылдау мерзімі:
Құжаттарды қабылдау 2026 жылғы 2 сәуірден 16 сәуірге дейін жүзеге асырылады .
Конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттардың тізбесі:
Конкурсқа қатысуға ниет білдірген адам хабарландыруда көрсетілген құжаттарды қабылдау мерзімінде ұйымға қолма-қол немесе пошта арқылы мынадай құжаттарды ұсынады:
1) Қоса беріліп отырған құжаттардың тізбесін көрсете отырып, конкурсқа қатысу туралы өтініш;
2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
3) кадрларды есепке алу бойынша толтырылған жеке парақ (нақты тұрғылықты мекен-жайы мен байланыс телефондары көрсетілген);
4) лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес білімі туралы құжаттардың көшірмелері;
5) еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі;
6) «Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен бекітілген нысан бойынша денсаулық жағдайы туралы анықтама.
Азаматтық қызметке кірген кезде адам сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны туралы мәліметтердің бар не жоқ екендігі туралы анықтаманы да ұсынады.