Ақмола облысында су тасқынына дайындық жөнінде жоспардан тыс кеңес өтті

Ақмола облысында су тасқынына дайындық жөнінде жоспардан тыс кеңес өтті

Көкшетау қаласында облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпанның төрағалығымен гидрометеорологиялық ағымдағы жағдай мен төтенше жағдайлардың туындау қаупін ескере отырып, су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындық бойынша жоспардан тыс кеңес өтті.

«Қазгидромет» мәліметінше, 28 наурыздан бастап, түнгі уақытта да, температураның тұрақты түрде жоғарылауы күтіледі, бұл қар жамылғысының қарқынды еруіне, еритін сулардың айтарлықтай көлемде түзілуіне және гидротехникалық құрылыстар мен су ағызу жүйелеріне жоғары жүктемеге әкеледі.

Ылғалдану қаупі мен өткен жылғы тәжірибені ескере отырып, өңірде әрекет ету шаралары күшейтілді. Облыстық жедел штабта тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды, жауапты лауазымды тұлғалар жағдайды бақылау үшін аудандарға жіберілді.

Қар шығаруды, еритін суды соруды, арықтар мен каналдарды тазалауды, судың еркін ағуын қамтамасыз ету жұмыстарын жандандыру жұмыстары жүргізілуде.

«Өткен жылғы су тасқынының салдарын ескере отырып, біз әрекетімізді барынша жедел және үйлестіріп жүзеге асырамыз. Негізгі мақсат – елді мекендердің су басуына жол бермеу және адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Барлық қызметтер алдын ала жұмыс істейтін болады, әрбір басшы қабылданған шешімдер үшін жеке жауапкершілік алады», – деп атап өтті Мұрат Балпан.

Қорғаныс қызметтерінің басшылары мен бекітілген лауазымды тұлғаларға су тасқыны жағдайын тұрақты бақылап отыру, орындарда кезекшілік ұйымдастыру тапсырылды. Облыстық жедел штаб барлық қатысушы қызметтердің әрекеттерін қатаң үйлестіріп, республикалық штабты уақтылы хабардар етуді қамтамасыз етеді.