2019 жылы атаулы әлеуметтік көмек алушы ақмолалықтардың саны 43,6 мың адамды құраған. Халық тұрмысын жақсартуға бағытталған мемлекеттік шаралардың арқасында бұл көрсеткіш соңғы 5 жылда 4 есе азайып отыр. 2023 жылы Ақмола облысында АӘК небәрі 10,7 мың адамды қамтыды. Бұл туралы Ақмола облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллина ӨКҚ алаңында мәлімдеді.
"5 жылдың ішінде әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны 9,9 мыңнан 2,3 мыңға дейін азайды. Өткен жылы 2 мыңнан астам отбасы, оның ішінде 7 мыңнан астам бала 1 миллиард теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алды. Оған қоса 1 мен 6 жас аралығындағы балалары бар атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларға 5 175 теңге көлемінде ай сайынғы қосымша төлем төленді", - деді басқарма басшысы.