Ақмола облысында жедел жәрдем шақыру көбейді - Александр Высоцкий

Ақмола облысында жедел жәрдем шақыру көбейді - Александр Высоцкий

Ақмола облысында КВИ-мен ауруханаға жатқызылғандардың саны артып келеді, сол себепті жедел жәрдем бригдасын шақыру да көбейген. Бұл туралы облыстық жедел медициналық көмек көрсету станциясының бас дәрігері Александр Высоцкий мәлімет етті.

Оның айтуынша, соңғы екі аптаны салыстырғанда коронавирус инефекциясының таралуы күрт артқаны айқын байқалады. Егер 2021 жылғы 31 желтоқсаннан 2022 жылғы 6 қаңтарға дейін өңірде 4941 жедел жәрдем шақыру тіркелген болса, 7-13 қаңтар аралығында бұл көрсеткіш 5390 жетті, яғни шақырулар 9,1 пайызға өсіп отыр. Облыс орталығы бойынша шақырулардың 1648-ден 1950-ге дейін-18,3 пайызға өсуі байқалады. Көкшетауда КВИ-мен байланысты сын-қатерлер 44-тен 137 жағдайға дейін артқан.

«Жедел медициналық көмек көрсету қызметі бойынша жағдай нашарлауда. Шақырулар да және КВИ-мен ауруханаға жатқызылғандар саны да көп. Қаңтар айының басымен салыстырғанда стационарларға жатқызылғандар саны 47 пайызға ұлғайды. Бұған «омикрон» себеп болып отыр. Алайда, оған тек зертханалық талдау арқылы көз жеткізе аламыз. ПТР нәтижесінің барлығы оң. «Омикрон» штаммы басқа штаммдармен салыстырғанда жоғары контагиоздылықпен және қысқа инкубациялық кезеңмен сипатталады. Науқастарымыздан байқап отырғанымыздай «Омикрон» өзге вирустар тәрізді көмей мен трахеяның шырышты қабығының жедел қабынуын тудыруы мүмкін және клиникалық түрде дөрекі, «үрген» жөтел, дауыс тембрінің бұзылуы және тыныс алудың бұзылуы арқылы көрінеді. Бұл белгілер пайда болған кезде дереу медициналық көмекке жүгіну және дәрігерден тиісті ем алу маңызды», - деді А.Высоцкий.

Ол атап өткендей, қазірдің өзінде аралас дельта+омикрон штаммы туралы мәліметтер бар. Сондықтан, COVID-19 бұл жолғы кезекті толқыны кезінде ауру тек жеңіл және орташа дәрежеде өтеді деп сенуге болмайды.

«Омикрон» штаммымен жұқтыру қаупін азайту үшін әлеуметтік байланыстарды азайту қажет. Бұл оның таралуын азайтудың ең тиімді әдісі. Сондай-ақ, дәл қазір вакцинациялау және қайта вакцинациялау қажет, біз бұл вирусты басқаша жеңе алмаймыз», - деп толықтырды жедел жәрдемнің бас дәрігері. Еске сала кетсек, Ақмола облысы КВИ таралу деңгейі бойынша «қызыл» аймақта тұр.


inform.kz