Ажар Ғиният Мемлекет Басшысы қойған міндеттердің іске асырылуы туралы ақпарат берді

Ажар Ғиният Мемлекет Басшысы қойған міндеттердің іске асырылуы туралы ақпарат берді

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында 11 қаңтарда өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларының қалай іске асырылатыны туралы хабарлады.

Ажар Ғиният өз сөзін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустық инфекциямен күресті жалғастыру бойынша қойылған міндеттерді іске асыруға кіріскенін айтумен бастады.

"КВИ-мен науқас пациенттерге тиімді медициналық көмек көрсету мақсатында уақтылы диагностика мен амбулаториялық емдеуді қамтамасыз ететін МСАК ұйымдарының жұмысы жалғастырылатын болады. Бүгінгі таңда 14 мыңнан астам төсек - орын қамтылған, елімізде қосымша 50 мыңға дейін инфекциялық төсек-орын беру мүмкіндігі бар", - деп хабарлады Ажар Ғиният.

Бұл ретте халықаралық тәжірибені ескере отырып, КВИ диагностикасы мен емдеуінің клиникалық хаттамаларына одан әрі енгізу үшін жаңа препараттардың тиімділігі зерттелетін болады.

Сондай-ақ, халықты вакцинациялау және қайта вакцинациялау жалғастырылады. Ол үшін шамамен 6,5 млн. доза вакцинаны қосымша сатып алу бойынша шаралар қабылданады.

Қалыптасқан эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, ел ішінде де, мемлекеттік шекарада да қосымша шектеу шаралары жедел енгізіледі.

Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау министрі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылатын "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қоры туралы хабардар етті.

"Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қор қаражатынан орфандық аурулары бар балаларды емдеуге арналған болжамды шығындардың есебі мен дәрілік заттардың тізбесі бойынша Денсаулық сақтау министрлігі ұсыныстар енгізетінін атап өтті.

Қорды құру орфандық аурулармен ауыратын науқастар үшін қымбат тұратын медициналық қызметтер мен дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін айтып қорытындылады.