Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымындағы (ҰҚШҰ) серіктестердің әскери ғана емес, сонымен қатар моральды қолдауы маңызды.
ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл қауіпсіздікті, тұрақтылықты және мүше мемлекеттің бірінің тұтастығын қамтамасыз ету үшін ҰҚШҰ-ның бітімгерлік әлеуеті нақты іске қосылған бірінші жағдай болып тұр. Біз үшін ҰҚШҰ-дағы серіктестердің әскери ғана емес, сонымен қатар моральды қолдауы маңызды», - деді ҚР Президенті.
Мемлекет басшысы Ұйымға қатысушы барлық мемлекет Қазақстан үндеуіне табанды түрде қолдау білдіргенін атап өтті.
Айта кетейік, бүгін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясы өтіп жатыр. Жиын Қазақстан тарапының бастамасымен шақырылды.
Еске салайық, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ мүше елдердің басшыларынан ел аумағындағы террористік қауіпті еңсеру үшін Қазақстанға көмек көрсетуді сұраған болатын.