Бас прокуратура қазақстандықтарды сайлау күні заңсыз митингтерге қатысқаны үшін жауапкершілік туралы ескертті

Бас прокуратура қазақстандықтарды сайлау күні заңсыз митингтерге қатысқаны үшін жауапкершілік туралы ескертті

Заңсыз акцияларға шақырғаны, ұйымдастырғаны және қатысқаны үшін 25 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жауапкершілік басталады.

Қазақстан Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев қазақстандықтарды сайлау күні заңсыз митингтерге қатысқаны және шақырғаны үшін жауапкершілік туралы ескертті. Оның үндеуі Бас прокуратураның сайтында жарияланды.


"Құрметті азаматтар! Әлеуметтік желілерде жекелеген адамдар Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау күні заңсыз митингілерді ұйымдастыруға және оған қатысуға шақыруды таратады. Бұл ретте олардың тарапынан сайлау комиссияларының жұмысын бұзуға шақыру естіледі. Бұл іс – әрекеттер Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына қайшы келеді, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады", - деп атап өтті Қазақстан Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев.

Бас прокуратура митингілерді ұйымдастыру және өткізу тәртібі "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы"заңмен реттелетінін еске салады. Жиналыстарды, митингілер мен пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі көзделген. Оларды өткізу туралы өтініш ұйымдастырушылар мен қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапты адамдардың деректерін, сондай-ақ қатысушылардың болжамды санын көрсете отырып, белгіленген күнге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жазбаша нысанда беріледі.

Жиналыстар мен митингілер қатаң түрде қалалық және аудандық мәслихаттар белгілеген орындарда өткізілуге тиіс. Демонстрациялар мен шерулер келісу тәртібімен өткізіледі. Бұл үшін өтініштер өткізілетін күнге дейін 10 жұмыс күні бұрын беріледі, олар бойынша жергілікті атқарушы орган жеті жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті.

Заңсыз акцияларға шақырғаны, ұйымдастырғаны және қатысқаны үшін ӘҚБтК-нің 488-бабы бойынша жаза түрінде 25 тәулікке дейін қамауға алынады. Егер бұл іс-әрекеттер елеулі залал келтірсе, онда кінәлілер Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылуға жатады, онда айыппұл не 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамау түріндегі жаза көзделген.

Ол сондай – ақ, Қылмыстық Кодекстің 150-бабы бойынша сайлау комиссияларының жұмысына кедергі келтіру 100 АЕК айыппұлдан және түзеу жұмыстарын немесе бас бостандығын шектеуді қоса алғанда, барынша төрт жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғатынын еске салды.

"Жекелеген адамдар қоғамға әдейі бұрмаланған дауыс беру қорытындыларын көрсету мақсатында түрлі интернет-қосымшалар арқылы "баламалы дауыс беруге" қатысуға шақырулар таратуда. Осыған байланысты "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға сәйкес қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамдарын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді, саяси партияларды қолдап дауыс беруді бұқаралық ақпарат құралдарында дауыс беру күніне дейін бес күн ішінде және дауыс беру күні (28 – баптың 9-тармағы) жариялауға жол берілмейтініне назар аударамыз", - деп хабарлады Болат Дембаев.

Бас прокурордың орынбасары мұндай сауалнамаларды азаматтардың жүргізуге құқығы жоқ екенін атап өтті. Осы нормаларды бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120 – бабының 3-бөлігі бойынша жеке тұлғаларға 15 АЕК, заңды тұлғаларға 30 АЕК айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Ол сондай-ақ байқаушылардың фото -, аудио-және бейнежазбаға құқығын іске асыруы дауыс беру құпиясына және Конституциямен кепілдік берілген (18-б.1-т.) жеке өмірге қол сұғылмауға тиіс екенін еске салды. Қандай да бір адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға жол берілмейді.

Бас прокурордың орынбасарына бақылаушылардың құқықтары мен міндеттері туралы еске салды. Олар Қазақстан заңнамасының талаптарын бұзған жағдайда сайлау комиссиясы байқаушыны тіркеудің күшін жоюға құқылы.

Сайлаушылар сайлауға тең негізде қатысады және олардың әрқайсысы бір сайлау бюллетеніне бір дауысқа ие. Тең сайлау құқығын бұзғаны үшін бір адамға бірнеше бюллетень берген сайлау комиссияларының мүшелері үшін де, екі немесе одан да көп рет дауыс берген азаматтар үшін немесе басқа сайлаушы үшін әкімшілік айыппұлдар (25 АЕК) қарастырылған.

"Бас прокуратура азаматтарды қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға және заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырады. Құқық қорғау органдары белгіленген тәртіпке, қоғамдық қауіпсіздікке қол сұғатын кез келген құқық бұзушылықтың жолын кеседі, сондай – ақ оларға жол бермеу бойынша заңда көзделген шараларды қабылдайды", - делінген хабарламада.

Мемлекет басшысының жарлығы бойынша Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарға Біріккен сайлау 2021 жылғы 10 қаңтарда өтеді.