
Біржан сал ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Отырыста полиция және білім беру органдары арасында өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар мен жасөспірімдерге арналған «102» пульті базасындағы жедел желіні енгізу және пайдалану жөніндегі меморандумды іске асыру мәселесі қаралды.
Отырыс барысында ауданның білім бөлімі полиция органдарымен бірлесіп кәмелетке толмағандар арасындағы қараусыздықтың, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында тұрақты түрде кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізіп отырғаны атап өтілді.
Ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында тәуекел тобындағы кәмелетке толмағандар туралы ақпарат алмасу жүзеге асырылады, бірлескен профилактикалық іс-шаралар мен рейдтер ұйымдастырылады, білім беру ұйымдарына және профилактикалық есепте тұрған отбасыларға бару жұмыстары жүргізіледі, сондай-ақ білім алушылармен және олардың ата-аналарымен (заңды өкілдерімен) жеке профилактикалық әңгімелер өткізіледі.
Балаларға қатысты буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, психоактивті заттарды пайдаланудың алдын алу және кәмелетке толмағандардың дағдарыстық жағдайларының алғашқы белгілерін ерте анықтау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде.
Жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – білім алушыларды, ата-аналарды және педагогтерді баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген, зорлық-зомбылық, қатыгездік көрсету немесе өзге де төтенше жағдайлар орын алған кезде «102» жедел желісіне хабарласу мүмкіндігі туралы ақпараттандыру. Қазіргі уақытта аталған қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету және ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмін пысықтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін осы бағыт бойынша «102» жедел желісі арқылы өтініштер тіркелген жоқ.
Отырыс қорытындысы бойынша комиссия Меморандумды іске асыру жұмыстарын жалғастыру, ведомствоаралық жедел әрекет етуге тұрақты дайындықты қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шаралардың тиімділігіне мониторинг жүргізуді жалғастыру туралы шешім қабылдады.
«102» жедел желісін енгізу балалар мен жасөспірімдерге шұғыл көмектің қолжетімділігін арттыруға, олардың өмірі мен денсаулығына төнуі мүмкін қауіптерге уақтылы ден қоюды қамтамасыз етуге, сондай-ақ Біржан сал ауданында баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жүйесін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.