
2026 жылғы 26 мамырда Біржан сал ауданы әкімдігінің мәжіліс залында ауданның ауылдық округ әкімдерінің, төтенше жағдайлар бөлімі, білім беру бөлімі, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау саласы мен басқа да мүдделі қызметтер өкілдерінің қатысуымен Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Отырыстың негізгі тақырыптарының бірі «Шомылу маусымы қарсаңында кәмелетке толмағандардың терезеден құлауының алдын алу және су айдындарында балалардың қаза болуын сақтандыру шаралары туралы» мәселесі болды.
Отырыс барысында көктемгі-жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көппәтерлі тұрғын үйлердің терезелерінен балалардың құлауына байланысты жазатайым оқиғалардың алдын алу, сондай-ақ су айдындарында кәмелетке толмағандардың қаза табуынан сақтандыру мәселелері қаралды.
Ақпаратпен аудандық ТЖБ өкілі Денис Сергеевич Шелкоплясов сөз сөйлеп, жыл сайын жылдың жылы мезгілінде балалардың қатысуымен болатын жазатайым оқиғалардың саны артатынын атап өтті. Отырыста жарияланған мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы Ақмола облысының аумағында балалардың терезеден құлауының 8 жағдайы тіркелген. Мұндай оқиғалардың негізгі себептері ретінде балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру, терезелерде арнайы бұғаттағыштар мен қауіпсіздік құлыптарының болмауы, сондай-ақ ата-аналар мен заңды өкілдер тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі қалып отыр.
Отырысқа қатысушылар жазғы каникул кезеңінде балалардың су айдындарындағы қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударды. Аудан аумағында шомылуға арналған қауіпті және рұқсат етілмеген орындардың бар екені, ал жабдықталған коммуналдық жағажайлардың болмауы азаматтардың өмірі мен денсаулығына қосымша қауіп төндіретіні атап өтілді.
Отырыс аясында ауылдық округ әкімдері жергілікті жерлерде жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар туралы баяндады. Мәселен, Үлгі ауылдық округінің әкімі Р.Ж. Әбжанова округ аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлер тұрақты бақылауда екенін, кіреберістерге бөгде адамдардың кіруі бұғатталғанын, мерзімді түрде тексеру іс-шаралары мен халықпен профилактикалық әңгімелесулер жүргізіліп тұратынын хабарлады.
Ауданның елді мекендерінде рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, ата-аналарға арналған жадынамалар таратылып жатқаны, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде алдын алу материалдары жарияланатыны атап өтілді.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар ведомствоаралық профилактикалық жұмысты күшейту, халық арасында ақпараттық-түсіндіру қызметін жандандыру, сондай-ақ жазғы кезеңде балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарды қолдады.
Құрметті ата-аналар!
Біржан сал ауданы әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия балаларды тұрақты бақылауда ұстау қажеттілігін еске салады. Кішкентай балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмаңыздар, терезелерге арнайы бұғаттағыштар мен ашылуды шектегіштер орнатыңыздар, балалардың ашық терезелердің жанында болуына жол бермеңіздер.
Жазғы каникул кезінде балалардың су айдындарындағы қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет. Кәмелетке толмағандардың ересектердің ілесіп жүруінсіз су жанында болуына және рұқсат етілмеген орындарда шомылуына рұқсат бермеңіздер.