Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті азаматтардың өтініштеріне мониторинг жүргізу барысында оларға мемлекеттік қызметтерді алуда қиындық келтірген әкімшілік кедергілерді анықтады.
Мәселен, «Жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын айқындау» мемлекеттік қызметі жалға алынған жер учаскелерін нысаналы мақсаты бойынша игерген және оны жергілікті өкілді органдардың шешімдерімен бекітілетін төлемақының базалық ставкалары бойынша сатып алғысы келетін кәсіпкерлер арасында ерекше сұранысқа ие.
Алайда, Целиноград ауданы мен Қосшы қаласында әкімшілік-аумақтық өзгерістер барысында жергілікті өкілді органның тиісті шешімі болмаған, осыған байланысты Мемлекеттік корпорацияның жергілікті бөлімдері азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға мәжбүр болды.
Бұл мән-жайлар өз қызметін дамытуды жоспарлаған, банктерден несие алуға, жер учаскелеріне жеке меншік құқығын ресімдеуге ниет білдірген кәсіпкерлік субъектілері үшін кедергі болды.
Атап өтетін жайт, Қазақстан Республикасы азаматтарының жер учаскелеріне жеке меншікті мемлекеттен сатып алуы, өтініш берушілердің құқықтарын іске асырумен қатар, жергілікті бюджетті айтарлықтай толықтырады.
Осыған байланысты Департамент Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік корпорацияның филиалына өтініш берушілердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру туралы ақпараттық хат енгізіп, Қосшы қаласы бойынша базалық ставкаларды бекіту қажеттігі туралы мемлекеттік органдарды хабардар етті.
Нәтижесінде Мемлекеттік корпорацияның Ақмола облысы бойынша филиалының ақпараты бойынша жергілікті мәслихаттар бағалау аймақтарының шекараларын және Қосшы қаласында жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкаларына түзету коэффициенттерін бекіткеннен кейін 22 азаматқа мемлекеттік қызмет көрсетілген.