2029 жылға қарай Астана агломерациясында 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылады

2029 жылға қарай Астана агломерациясында 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылады

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қаралып, бекітілді. Тақырып аясында Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов және Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады.

Министрлік Астана қаласының және Ақмола облысының әкімдіктерімен бірлесіп Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын әзірледі. Қазіргі уақытта Астана агломерациясының аумағына Астана қаласы (агломерацияның өзегі) және облыс халқының 40%-ы тұратын Ақмола облысының Қосшы қаласын қоса алғанда, Аршалы, Целиноград, Шортанды аудандарының 46 елді мекені кіреді.

Соңғы 10 жылда Астана қаласының халқы 46%-ға өсті, ал болжамды деректер бойынша 2035 жылға қарай 2,3 млн адамды құрайды. Агломерация елді мекендерінен астанаға күнделікті маятниктік көші-қон 200 мыңнан астам адамды және 30 мың автокөлікті құрайды.

«Елордада инфрақұрылымның барлық түрлеріне жүктеменің ұлғаюына, қаланың шет аймақтарының кеңеюіне, ыңғайлы көлік жүйесінің болмауына және әлеуметтік объектілердің тапшылығына алып келетін бірқатар проблемалар бар. Жоғарыда айтылған мәселелерді шешу үшін әзірленген кешенді жоспарда жүйелі шаралар көзделген. Жалпы, қала құрылысын дамытуға, әлеуметтік және инженерлік-көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, сондай-ақ экологиялық тұрақтылықты, қоғамдық қауіпсіздікті және төтенше жағдайлардың алдын алуды қамтамасыз етуге бағытталған жалпы сомасы 1,13 трлн теңгеге 329 іс-шараны іске асыру көзделген», — деп атап өтті Н. Байбазаров.

Агломерацияны аумақтық дамыту мақсатында елорда мен Ақмола облысының даму жоспарларын үндестіруге мүмкіндік беретін бірыңғай қала құрылысы саясатын әзірлеу жоспарланған. Сондай-ақ осы бағытта агломерация құрамындағы елді мекендердің әкімшілік шекараларын белгілеу жоспарланған, бұл өз кезегінде қала маңы аймағындағы жер қатынастарын дамытуда оң әсер етеді.

Вице-премьердің мәлімдеуінше, жалпы ауданы 940 гектардан асатын экоқалашықтар құру көзделіп отыр, олардың аумағында шағын бизнес жүргізуге арналған үй-жайлары бар тұрғын үйлер салынатын болады. Халықты әлеуметтік инфрақұрылым нысандарымен қамтамасыз ету мақсатында Қосшы қаласында 1 200 орындық мектеп, 280 орындық балабақша және 350 төсек-орындық көпбейінді аурухана салынады. Сондай-ақ елордада инвесторлардың өз қаражаты есебінен 900 студентке арналған Тау-кен техникалық колледжін және балаларды оңалту орталығын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар ауылдық жерлерде 9 мәдениет үйін,3 демалыс орталығын, 2 мәдени ойын-сауық кешенін және 50 келушіге арналған алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығын салу жоспарлануда.

Агломерацияның көлік-логистикалық инфрақұрылымы мәселелерін шешу мақсатында кешенді жоспарда 6 логистикалық кешен, электровоздарға қызмет көрсету және қала маңындағы тұрақты маршруттарды субсидиялау жөніндегі сервистік орталық салу жөніндегі шаралар көзделген.

Агломерацияның елді мекендерінде 400 шақырымнан астам жол жөнделіп, 300 шақырым жол және 4 көпір салынады.

70 км кәріз жүйесін, 500 км сумен жабдықтау және су бұру, және 800 км электр беру желілерін, 3 қазандықты, 30 км жылу желілерін және 1 100 км газ құбырын салу, реконструкциялау жоспарланған.

«Азық-түлік белдеуін дамыту және инвестициялар тарту үшін 25 азық-түлік өндіру нысаны, 12 өнеркәсіптік тауарлар өндіру кәсіпорны салынады және Аршалы ауданында жалпы ауданы 300 гектар индустриялық аймақ құрылады. Кешенді жоспарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі іс-шаралар көзделген. 2028 жылдың соңына дейін 7 өрт сөндіру депосы салынады және халықты хабардар ету жүйесі құрылады», — деді вице-премьер.