Үкіметтің кезекті отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров инвестицияларды қолдау мен ынталандырудың қолданыстағы шаралары және оларды жақсарту жөніндегі жоспарлар туралы баяндады, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Инвестициялық белсенділік серпінді экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін үлкен маңызға ие. Үкімет алдына инвестициялар тарту бойынша нақты міндеттер қойылды.
2024 жылы жоспар бойынша негізгі капиталға 22,1 трлн теңге инвестицияланады, бұл өткен жылдың қорытындысынан 22%-ға артық. Инвестициялық жобалардың Бірыңғай пулы аясында биыл жалпы құны 2,3 трлн теңге болатын 234 жобаны іске асыру жоспарланған. Өңірлердің әрбір әкімі мен салалық мемлекеттік органдардың министріне KPI бекітілген. Инвестициялық штаб шеңберінде инвесторлардың мәселелерін жедел реттеу бойынша шаралар қабылдануда.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық өңірлердегі прокурорлар пулда тұрған жобаларды сүйемелдеуге тырысты. 37 компанияны орналастыру жұмыстары жалғасуда.
Бүгінгі таңда инвестициялар тарту бойынша бірқатар тиімді құралдар қолданылады.
1. Осылайша, ірі инвесторларды тарту үшін Басым қызмет түрлерінің тізбесінен тыйым салынған тізімді қалыптастыруға көшу жолымен Инвестициялар туралы келісім жасасу тетігі жетілдірілді. Бүгінгі таңда осындай 6 келісім жасалды.
2. Тауар өндіруші кәсіпорындарға салық заңнамасының 10 жыл тұрақты болуына кепілдік берілетін Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасу мүмкіндігі енгізілді. Инвестициялар бойынша салық заңнамасының тұрақтылығы кәсіпорындарға инвестициялардың қайтарымдылығын болжауды қамтамасыз ете отырып, ұзақ мерзімді кезеңге қаржылық ағындарды жоспарлауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 6 Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім (ИМК) жасалды.
3. Геологиялық барлауға инвестициялар тарту және Қазақстанның мұнай-газ саласының минералдық-шикізат базасын толықтыру мақсатында 2023 жылдан бастап Жақсартылған модельдік келісімшарт (ЖМҚ) жасасу кезінде фискалдық ынталандыру енгізілді.
4. АЭА тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, барлық инвестициялық міндеттемелер орындалғаннан кейін Арнайы экономикалық аймақ қатысушылары үшін жер учаскесін сатып алу мүмкіндігі көзделген. Аралас режимді аумақтар айқындалды, бұл жерде басым жобалар АЭА режимінде жеңілдіктер алады, ал басымдықтардан тыс жобаларды іске асыруды жоспарлап отырғандар инфрақұрылым ғана алатын болады. Сондай-ақ АЭА қатысушылары үшін «инвестициялар неғұрлым көп болса, жеңілдіктер соғұрлым көп» қағидаты бойынша салықтық жеңілдіктер берудің сараланған тәсілі енгізілді.
Бүгінгі таңда әзірленіп жатқан жаңа Ұлттық даму жоспарын ескере отырып, Инвестициялық саясаттың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын өзектілендіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Еңбек өнімділігінің өсуіне және экспорттық себеттің күрделенуіне бағдарланған сапалы инвестицияларды кейіннен таргеттеу үшін инвестицияларға өңірлік және салалық қажеттіліктер қалыптастырылады. Халықаралық рейтингтерді ескеретін инвестициялық климат бойынша жаңа KPI белгілеу қаралуда.
«Инвестициялық преференцияларды беру кезінде жобаның күрделілігіне және экспортқа бағдарлануына байланысты селективті тәсіл қолданылатын болады. Инвестициялық жобаларды кейіннен мониторингтеу және берілген преференциялардың тиімділігін бағалау бойынша тәсілдер көзделетін болады. Өзектілендірілген Тұжырымдама Ұлттық даму жоспары бекітілгеннен кейін қабылданатын болады. Сонымен қатар Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп инвестицияларды ынталандырудың тиімділігін қамтамасыз ету үшін қолданыстағы қолдау шараларын өзектілендіру бойынша жұмыс жүргізуде», — деп мәлімдеді спикер.