«Нан – ас атасы». Алайда соңғы уақытта нанның бағасы 200 теңгеге өсті.
Наубайшылар бағаның өсуін өндіріс шығындарының артуымен түсіндіреді. Электр энергиясының, шикізаттың және өндіріс үшін қажетті басқа да ресурстардың бағасы қымбаттаған. Бұл ретте нанның босату бағасы шамамен 145 теңгені құрағанымен, дүкен сөрелеріндегі бағасы одан жоғары болды.
Бірінші кезекте қажетті өнімнің бағасын қолжетімді деңгейде сақтау мақсатында Атбасар ауданының әкімі Қ. Алимжанов жергілікті наубайхана басшыларымен кездесті.
Кездесу қорытындысы бойынша әлеуметтік нанның бағасын сақтау жөнінде келісімге қол жеткізілді. Енді әлеуметтік нанның пішіні өзгертіліп, дөңгелек нан түрінде 160 теңгеден сатылатын болады.
Бұл тұрғындарға бірінші кезекте қажетті өнімді неғұрлым қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді. Әсіресе әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар үшін бағадағы мұндай айырмашылықтың өзі маңызды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі аудан басшылығының бақылауында.