
17 қазанда Атбасар қаласында жаңа асфальт зауытының салтанатты ашылуы өтті. Құны 1,6 млрд теңге болатын жобаны іске асыру өңірдің жол-құрылыс инфрақұрылымын дамытуға және жол жабынының сапасын арттыруға бағытталған.
Іс-шараға Атбасар ауданының әкімі Кенеш Әлімжанов пен облыстық мәслихат депутаты Ғалымхан Саханов қатысып, "ABB CONSTRUCTION"ЖШС кәсіпорнының өндірістік үдерісімен және техникалық мүмкіндіктерімен танысты.
Компания директоры Айк Борисович Бадалян қонақтарға сапа мен экологиялық қауіпсіздіктің барлық талаптарына сәйкес келетін зауыттың заманауи жабдықтарын ұсынды. Кәсіпорынды пайдалануға беру ауданның және көршілес аумақтардың қажеттіліктері үшін асфальттың тұрақты өндірісін қамтамасыз етуге, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
"Аталған кәсіпорынның ашылуы ауданымыздың дамуы үшін зор маңызға ие. Жаңа зауыт жол жұмыстарының сапасын едәуір арттыруға және басқа өңірлерден жеткізілімдерге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Бұл Атбасар ауданының инфрақұрылымын жаңғырту жолындағы маңызды қадам", - деп атап өтті Атбасар ауданының әкімі Кенеш Әлімжанов.
"Біз өңірді жол салу және жөндеу үшін сапалы материалдармен қамтамасыз етуге тырысамыз. Біз үшін жоғары деңгейдегі өнім өндіріп қана қоймай, жергілікті экономиканың дамуына және жұмыс орындарын құруға үлес қосу маңызды", — деп атап өтті "ABB CONSTRUCTION" ЖШС директоры Айк Борисович Бадалян.
Зауыттың ашылуы Атбасар ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына маңызды үлес болады және көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға ықпал ететін болады.