Атбасар ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы қолдау тапты

Атбасар ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы қолдау тапты

2025 жылғы 24 қыркүйекте сағат 15:00-де Атбасар қаласындағы Жеңіс саябағы алаңында «Таза Қазақстан – Таза Өлке» атты кең ауқымды экологиялық акция өтті. Бұл шара — жастар арасында табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру мен экологиялық сананы арттыруға бағытталған республикалық бастаманың бір бөлігі болды.

Іс-шараның басты мақсаты — тек қана аумақты тазалау емес, сонымен қатар азаматтардың қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын түсініп, оны сақтау жолында жеке жауапкершілік сезімін қалыптастыру.

Акцияға мемлекеттік қызметшілер, еріктілер, қоғамдық ұйымдардың белсенділері және жергілікті тұрғындар қатысты. Қатысушылардың жалпы саны 200-ден асты. Олар қоғамдық аумақтарды тұрмыстық қалдықтан тазартып, экологиялық бірлік пен белсенді азаматтық ұстанымның жарқын үлгісін көрсетті.

Атбасар қаласының әкімі Әнес Саятұлы шараға арнайы қатысып, мұндай бастамалардың маңыздылығына тоқталды:

«Қоршаған ортаның тазалығы — ертеңгі күнге жасалатын инвестиция. Табиғатты болашақ ұрпақ үшін сақтау — бәріміздің ортақ міндетіміз. Бұл акция бірліктің күші мен жастардың белсенді ұстанымын айқын көрсетті».

         Жалпы күшпен іс-шара өткізілген аумақ толықтай тазартылды. Бұл акция ауданның экологиялық жағдайын жақсартып, табиғатты қорғау — бір реттік шара емес, әр адамның күнделікті таңдауы екенін дәлелдеді.

 

#ТазаҚазақстан #ЧистыйКазахстан #TazaQazaqstan #TazaChallenge