Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының құрылымы қандай?

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының құрылымы қандай?

Соңғы кездерi бiздiң салымшылар арасындағы ең өзектi сауал зейнетақы жинақтарының сомасына қатысты болып жүр.

Отандастардың көпшiлiгiн БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының бiр бөлiгiн «ала аламыз ба?» деген сауал толғандыруда.

Қазақстан Республикасының Президентi Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегiндегi Қазақстан халқына Жолдауында 2021 жылы БЖЗҚ салымшылары өз зейнетақы жинақтарының бiр бөлiгiн тұрғын үй сатып алуға, емделуге және қаржы компанияларының басқаруына беру үшiн ала алатындықтары туралы айтты.

Осыған байланысты мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ағымдағы жылдың соңына дейiн барлық қажеттi нормативтiк-құқықтық актiлердi түпкiлiктi қабылдау үшiн дайындық жұмыстары жүргiзiлуде.

Ал әзiрше салымшыларымыздың 2020 жылдың 01 қыркүйегiндегi зейнетақы жинақтарының бүкiл ел көлемiндегi құрылымын ұсынамыз.

Сонымен өз шоттарында зейнетақы жинақтары бар 10 870 610 мiндеттi зейнетақы жарналары салымшыларының (алушыларының) 5 615 939 — ерлер болса, 5 254 671 — әйел азаматшалар. Олардың жалпы жинағы 11 942 813 млн. теңге, оның iшiнде 7 040 032 млн. теңге ер азаматтарға тиесiлi, ал 4 902 781 млн. теңге — әйелдердiң шотында.

Мына сомадағы зейнетақы жинақтарына:

500 мың теңгеге дейiн — 5 906 632 адам;

501 мың теңгеден 1 млн. теңгеге дейiн — 1 590 837 адам;

1 млн. теңгеден 3 млн. теңгеге дейiн — 2 348 114 адам;

3 млн. — 5 млн. теңгеге дейiн — 634 188 адам;

5 млн. — 8 млн. теңгеге дейiн — 238 931 адам;

8 млн. теңгеден асатын сомаға — 151 908 адам ие.

Бұл ретте ерлердiң зейнетақы жинақтарының орташа сомасы 1 254 мың теңге, ал әйелдерде — 933 мың теңге. Алайда бүкiл жинақтаушы зейнетақы жүйесi қолданыста болған кезең iшiнде жарналарды тұрақты түрде аударып отырған адамдардың зейнетақы жинақтарын бағалайтын болсақ, онда 1998 жылдан берi зейнетақы жарналарын ай сайын аударып отырған салымшылардың арасында ер азаматтардың жинақтарының орташа сомасы 5,8 млн теңге, ал әйелдерде 4,4 млн теңге.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негiзiнде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционерi — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң «Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкiметi. БЖЗҚ зейнетақы активтерiн сенiмгерлiкпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерiн басқару тиiмдiлiгiн арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметi Қазақстан Республикасының Президентi басшылық ететiн Ұлттық қорды басқару кеңесiне берiлдi. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын, ерiктi зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерiн, зейнетақы жинақтары мен төлемдерiн жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақпарат бередi (толығырақ www.enpf.kz сайтында).