Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу: құқықтық негіздері мен маңызы

Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу: құқықтық негіздері мен маңызы

     Қазіргі таңда жылжымайтын мүлік азаматтар мен ұйымдардың мүліктік қатынастарының негізгі өзегіне айналып отыр. Жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелер — сатып алу, иеліктен шығару, жалға беру және өзге де билік ету нысандары — құқықтарды мемлекеттік тіркеу қажеттілігімен тікелей байланысты. Бұл туралы Ақмола облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалы хабарлайды.

    Қазақстан Республикасының «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңына (бұдан әрі — Заң) сәйкес, мемлекеттік тіркеу — жылжымайтын мүлікке құқықтардың туындауын, өзгеруін және тоқтатылуын мемлекет тарапынан тану мен растауға бағытталған міндетті рәсім.

     Меншік құқығы құқықтық кадастрда тіркелген сәттен бастап туындайды.

     Мемлекеттік тіркеу меншік иелерінің құқықтарын қорғауды, мәмілелердің құқықтық айқындылығын және жылжымайтын мүлік объектілері туралы мәліметтердің дұрыстығын қамтамасыз етеді.       Тіркеуден өткеннен кейін меншік иесі өз мүлкіне толық көлемде билік ете алады, яғни оны сату, сыйға тарту, жалға беру немесе кепілге қою құқығына ие болады.

    Сонымен қатар, тәжірибеде мемлекеттік тіркеуден бас тарту жағдайлары да кездеседі. Бас тарту негіздері Заңның 31-бабында көзделген. Олардың қатарына ұсынылған құжаттардың заңнама талаптарына сәйкес келмеуі, құжаттар топтамасының толық болмауы, ауыртпалықтардың болуы, сондай-ақ құрылыс және сәулет саласындағы заң бұзушылықтар жатады.

    Мемлекеттік тіркеуден бас тарту белгіленген тәртіппен шағымдануға жатады. Ал бас тарту себептері жойылғаннан кейін өтініш беруші тіркеуге қайта жүгінуге құқылы.

    Осылайша, мемлекеттік тіркеу — меншік иелерінің құқықтарын қорғауды және жылжымайтын мүлікпен жасалатын мәмілелердің заңдылығын қамтамасыз ететін маңызды құқықтық тетік.