5 сұрақ айдары. БЖЗҚ өзекті сауалдарға жауап береді

5 сұрақ айдары. БЖЗҚ өзекті сауалдарға жауап береді

1) Қайырлы күн! Қазір бүкіл әлемде жағдай шиеленісіп тұр, доллар мен еуро бағамдары күн сайын артып келеді, сол үшін де БЖЗҚ салымшылары ретінде зейнетақы жинақтарының жай-күйіне қатысты алаңдап отырмыз. Бұл ахуал біздің жинақталған қаражатымызға қалай әсер етуі мүмкін, соны айтып жібересіз бе?

БЖЗҚ-ның әрбір салымшысы мен алушысының зейнетақы жинақтары жеке зейнетақы шотына келіп түсетін жарналардан және есептелетін инвестициялық кірістен құралады. Соңғысы бағалы қағаздар (салымдар және басқа да операциялар) бойынша сыйақы түріндегі кірістерден, қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалау түріндегі кірістерден, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістерден және т. б. жинақталады. 

Қазіргі кезде БЖЗҚ зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және инвестициялық портфельді басқарушылар басқара алады. Олар инвестициялық табыс алу мақсатында зейнетақы активтерін Қазақстанда және шетелде экономиканың барлық секторларында, бірқатар валюталарда түрлі қаржы құралдарына орналастырады. Әртараптандыру зейнетақы жинақтарының сақталуын және тұрақты табыстылығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, зейнетақы жинақтары қаржы құралдарына түрлі валютада инвестицияланды. 2022 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша инвестициялардың 2/3 теңгемен, 1/3 шетел валютасымен, валюталық инвестициялардың басым бөлігі АҚШ долларымен орналастырылды. 

Нарықтық және валюталық қайта бағалаудан түскен кіріс жеке алынған кезеңде оң да, теріс те болуы мүмкін. Сондықтан  инвестициялық қызметтің нәтижесінде шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан есептелген инвестициялық табыстың мөлшері әр түрлі болуы ықтимал. 

Зейнетақы жинақтары – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар және инвестициялық табыстың мөлшерін кемінде 1 (бір) жыл кезеңінде талдау орынды екенін атап өткен маңызды. Қысқа мерзімді деректер (апта сайынғы, ай сайынғы және т.б.) – айқын нәтиже көрсетпейді, өйткені, ол нарықтың үнемі құбылмалығына тәуелді. Мысалы, салымшылардың (алушылардың) ЖЗШ-сына бөлінген 2021 жылғы таза инвестициялық табыс сомасы шамамен 1,4 трлн теңгені құрап,  бір жыл ішінде түскен жарналар сомасынан асып түсті (1,3 трлн теңге). БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша кірістілік 2021 жылы Қазақстан Ұлттық Банкінің басқаруымен жыл басынан бері 11,13% (бұл мерзімді банктік депозиттер бойынша табыстылықтан жоғары), инфляция 8,4% болды.

Қайткен күнде де, жинақтарыңыздың сақталуы туралы алаңдаудың қажеті жоқ. ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңына сәйкес, мемлекет зейнетақы төлемдеріне құқық алған кездегі инфляцияны ескере отырып, зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік береді. Әлемде баламасы жоқ бұл норма салымшылардың жинақтарын инфляциядан сақтауға ықпал етеді. Зейнетақы жинақтарын ИПБ басқаруына аударған кезде мемлекет кепілдігі басқарушы компанияның зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі кепілдігімен алмастырылады.

           Инвестициялық басқарудың және зейнетақы активтерін есепке алудың барлық жүйесі ашық болып табылады: әрбір салымшы өзінің инвестициялық табысын enpf.kz сайты немесе мобильді қосымшадағы жеке кабинеттен 24/7 тәртібінде көре алады. Айта кетейік, зейнетақы активтерін қайта бағалау апта сайын және әр айдың соңғы күнінде жүргізіледі.

          БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі және БЖЗҚ зейнетақы активтері орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат БЖЗҚ ресми сайтындағы (www.enpf.kz) «Көрсеткіштер/инвестициялық қызмет» бөлімінде жарияланады.

 

   2) Қайырлы күн! Қазір ақшадан тапшылық көріп отырған жайым бар, нәтижесінде тұтынушылық несиемді төлей алмай қалдым. Оның ақысын төлеу үшін зейнетақы жинақтарымды ала аламын ба? 

Жеке тұлғалардың зейнетақы активтерін иелену құқығы Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 50-бабына сәйкес, заңда көзделген заттық құқықтар түріне жатады және тек қана Заңда айқындалған мақсаттарға, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында зейнетақы төлемдерін, біржолғы зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға пайдаланылуы мүмкін.

Зейнетақы активтерін заттық құқықтар санатына жатқызу зейнетақы жинақтарын иеленетін салымшы (алушы) оларды заңдарда көзделген белгілі бір шарттар орындалмаса пайдалана алмайды, әрі оларға билік ете алмайды дегенді білдіреді.

Заңның 30-бабының 1-тармағына сәйкес, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптастырылған белгіленген кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдері ретінде жүзеге асырылады. Және (немесе) зейнетақы аннуитеті шартына сәйкес сақтандыру ұйымынан зейнетақы жинақтары есебінен төленетін сақтандыру төлемдері түрінде, сондай-ақ, Заңның 31-бабының 1-1-тармағында көрсетілген адамдардың тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) емделуіне ақы төлеу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдері түрінде төленеді.

Зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар адамдардың тізбесі:

* Заңның 31-бабының ережелерімен бекітілгендей, БЖЗҚ-дан МЗЖ есебінен төленетін зейнетақы төлемдерін алуға құқылы БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар тұлғалар:

1) Заңның 11-бабы 1-тармағына сәйкес, зейнет жасына толған әйелдер, зейнет жасы: 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап - 60,5 жас, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап - 61 жас, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап - 61,5 жас, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап - 62 жас, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап-62,5 жас, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап-63 жас.

2) Заңның 59-бабының 1-тармағына сәйкес, ҚР «Республикалық бюджет туралы» Заңында белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан кем емес төлемді қамтамасыз ету үшін зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін зейнетақы жинақтары жеткілікті болған кезде салымшы 45 жасқа толған кезде;

3) мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген бірінші және екінші топтағы мүгедектер;

4) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;

* өз пайдасына немесе жұбайына (зайыбына), немесе жақын туыстарына емделу үшін және (немесе) тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында МЗЖ есебінен төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға құқы бар Заңның 31-бабының 1-1-тармағында айқындалған, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адамдар:

егер салымшының жеке зейнетақы шотындағы МЗЖ есебінен жинақталған зейнетақы қаражатының мөлшері жинақталған зейнетақы қаражатының ең төменгі жеткіліктілік шегінен артық болса;

егер зейнетақы мөлшері, ал отставкадағы судьялар үшін зейнетақы мен ай сайынғы қамтылым сомасы алушының орташа айлық кірісінің орнын ауыстыру коэффициентін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіп бойынша 40 пайыздан кем емес деңгейде қамтамасыз етсе. Орташа айлық табысты алмастыру коэффициентін есептеу кезінде алушының зейнетке шығу күнінің алдындағы, бірақ республика бойынша орташа айлық табыстан аспайтын табысы ескеріледі;

егер салымшы сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасаса.

Осылайша, БЖЗҚ зейнетақы төлемдерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, жоғарыда көрсетілген жағдайларда ғана жүзеге асыруға құқылы екенін хабарлаймыз.

Қазақстан Республикасының заңнамасында тұтыну несиелерін төлеу үшін зейнетақы жинақтарын пайдалану көзделмеген.

 

3) Сәлеметсіз бе! Күйеуіммен ажырасып кеткенмін, алайда бұрынғы жұбайымның туыстары зейнетақы жинақтарымның сомасын білгісі келеді, әрі сол жинақтарымды алуға мені күштеп көндірмекші. Айтыңызшы, БЖЗҚ-дан менің жинақтарым туралы үзінді көшірмені менен өзге біреулер ала ала ма?

Алаңдамаңыз. ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 57-бабына сәйкес, БЖЗҚ кепілдік беретін зейнетақы жинақтарының құпиясы салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарындағы қаржының қалдығы және қозғалысы туралы мәліметтерді қамтиди және  зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын салымшыға, алушыға, салымшының (алушының) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес рәсімделген жазбаша келісімі негізінде кез келген үшінші тұлғаға ашылуы мүмкін.

Осылайша, БЖЗҚ ЖЗШ-дан үзінді көшірмені сізге немесе нотариалды түрде куәландырған сенімхат арқылы сенім білдірілген тұлғаға ғана бере алады.

 

4) Үш жыл бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығын алдым, оған дейін Бішкекте тұрдым, әрі Қырғызстан Республикасында еңбек өтілім болды.  Жақында ЕАЭО елдерінің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру келісімі туралы жаңалықты оқып қалдым, енді мен зейнетке шыққанда туған елдегі өтілім үшін төлемдер ала аламын ба, жоқ па, соны түсінгім келеді?

29.05.2014 жылғы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 98-бабының 3-тармағына сәйкес, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілері мен отбасы мүшелерін зейнетақымен қамсыздандыру тұрақты тұратын мемлекеттің заңнамасымен, сондай-ақ, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы жекелеген халықаралық шартқа сәйкес реттеледі.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер –Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Ресей Федерациясы, Қазақстан Республикасы және Қырғыз Республикасының еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы осы халықаралық Келісім 01.01.2021ж. күшіне енді.

Келісімнің негізгі мақсаты – жұмысқа орналастырушы мемлекеттің азаматтарымен тең дәрежедегі тәртіппен ЕАЭО-қа мүше мемлекеттер еңбекшілерінің зейнетақы құқықтарын қалыптастыру болып табылады. Яғни, ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет одаққа мүше басқа мемлекеттердің азаматтарына өз елінің зейнетақымен қамсыздандыру құқықтарының шарттарына тең көлемде кепілдік беруге тиіс.

Өтпелі ережелерді қамтитын Келісімнің 12-бабында зейнетақыны тағайындау және төлеу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

Келісім күшіне енгеннен кейін алынған жұмыс өтілі үшін зейнетақыны сол жұмыс өтілі болған ЕАЭО-қа мүше мемлекет тағайындайды және төлейді;

Келісім күшіне енбес бұрын болған жұмыс өтілі үшін зейнетақы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің заңнамасы және 1992 жылғы 13 наурыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарының кепілдіктері туралы келісімге сәйкес тағайындалады және төленеді.

Демек, Келісімнің нормалары Келісім күшіне енгеннен кейін (01.01.2021 ж.бастап), ресми жұмысқа орналасу шартымен, еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарт жасасып, жұмысқа орналастырушы мемлекеттің зейнетақы жүйесіне сақтандыру (зейнетақы) жарналарын міндетті түрде төлеумен еңбекшілердің алған жұмыс өтіліне ғана қолданылады.

 

5) Мәселен, көршім өзінің зейнетақы жинақтарын баспанаға алып қойды делік, мен алған жоқпын, алайда болашақта екеуіміздің зейнетақымыз бірдей болады деген сөз рас па? 

Біздің елде көп деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңда зейнетақыны бірнеше көзден алу қарастырылған. Бұл мемлекеттік бюджеттен төленетін төлемдер – базалық және ортақ зейнетақы, сондай-ақ,  жинақтаушы зейнетақы.

Мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақы – бұл мемлекеттен қосымша төлем емес, оның еңбек өтілін ескере отырып, әрбір азамат үшін заңмен белгіленген төлемдер.

Мемлекеттік базалық зейнетақы республикалық бюджет туралы Заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс (ЕТК) шамасының 54 пайызы мөлшерінде төленеді. Оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтілінің он жылдан асатын әрбір толық жылы үшін республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ЕТК шамасының 2 пайызына, бірақ 100 пайызынан аспайтын мөлшерге ұлғайтылады.

Бұл ретте ортақ төлем 1998 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша кемінде алты ай еңбек өтілі бар адамдарға тағайындалады және еңбек өтіліне лайықты етіп жүзеге асырылады.

Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы 1998 жылдан бастап енгізілді, яғни әрбір азамат еңбек қызметі барысында БЖЗҚ-дағы өзінің жеке зейнетақы шотына зейнетақы жарналарын аударып, одан зейнетақы төлемдерін алады.

Осылайша, БЖЗҚ-дан жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру кезіндегі зейнетақы жинақтарының сомасына байланысты, ал бұл өз кезегінде зейнетақы жарналарының мөлшеріне, оларды аудару жүйелілігіне, инвестициялық қызметке байланысты болады. Бұл ретте зейнетақы төлемдері өтініш берілген күннен бастап белгіленеді және зейнетақы жинақтары таусылғанша жүзеге асырылады. Өз зейнетақы жинақтары туралы мәліметтерді 24/7 тәртібінде жеке кабинеттен және БЖЗҚ-ның немесе электрондық үкіметтің мобильді қосымшасынан алуға болады.

Тиісінше, зейнетақы мөлшері еңбек өтіліне және көп жағдайда жеке зейнетақы шотындағы жинақтардың мөлшеріне байланысты. Әрине, зейнетақы жинақтары біржолғы төлем ретінде алынған жағдайда азаяды. Осы ретте болашақ зейнетақының болжамды мөлшерін enpf.kz сайтындағы зейнетақы калькуляторының көмегімен есептеп шығарып, сол арқылы мерзімінен бұрын алу келешекте зейнетақы төлемдерінің көлеміне қалай әсер ететінін көруге болады.