Зейнетақы жинақтарын баламалы мақсаттарға пайдалану қарқыны төмендеуде

Зейнетақы жинақтарын баламалы мақсаттарға  пайдалану қарқыны төмендеуде

2022 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша 2021 жылдың қаңтарынан бері БЖЗҚ салымшылардың (алушылардың) тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жинақталған зейнетақы қаражатын пайдалану туралы 1 336 516 өтінішін орындады. Уәкілетті оператор-банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 3,2 трлн теңгеден астам қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 2,4 млн теңге. Айта кету керек, зейнетақы жинақтарын алу қарқыны төмендеп келеді. Мысалы, 2022 жылдың қазан айында 7,5 млрд теңге сомасына 2 993 өтініш орындалды. Салыстыру үшін, 2021 жылдың қазан айында 87,8 млрд теңге сомасына 35 434 өтініш орындалды.

Орындалған өтініштердің ең көбі Алматы қаласының (17,61%), Астана қаласының (14%), Маңғыстау облысының (10,33%) тұрғындары тарапынан жолданған. www.enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» бөлімінде салымшылардың біржолғы зейнетақы төлемдерін қандай мақсаттарға пайдалануды жоспарлайтыны туралы егжей-тегжейлі ақпарат жарияланған. Мұндай ақпарат өңірлер бөлінісінде де берілген («Мақсаттар бойынша тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» және тиісінше «Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» шағын бөлімшелері).

Салымшылар (алушылар) өздерінің жинақтарын пайдаланатын мақсаттарды талдай отырып, келесі негізгі бағыттарды атап өтуге болады. Көбінесе (барлық өтініштердің шамамен 36%) - бұл азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) және жеке тұрғын үй салу (меншігінде жер учаскесі болған жағдайда). Өтініштердің 21% астамы салымшылардың (алушылардың) тұрғын үй құрылыс жинақтары бағдарламалары бойынша зейнетақы қаражатын пайдалануы үшін орындалды. Өтініштердің тағы 21% одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына салымды толықтыру мақсатында орындалды. Өтініштердің шамамен 20% тұрғын үй сатып алуға (оның ішінде ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде) ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізуге, ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті толық және ішінара өтеуге және оны қайта қаржыландыруға орындалды.

Атап кетейік, уәкілетті операторлардан салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) шамамен 456,3 млрд теңге қаражат қайтарылды. Себебі, сұраным иесінің өтініші және өзге де себептермен қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдаланбаған.

Сонымен қатар, БЖЗҚ емделуге берілген 311,1 млрд. теңгеге 395 730 өтінішті орындады. Бұл ретте алуға болатын орташа сома шамамен 0,8 млн теңге. Ағымдағы жылдың қазан айында шамамен 3 млрд теңге сомасына 2 362 өтініш орындалды (салыстыру үшін: өткен жылдың ұқсас айында – 10,8 млрд теңге сомасына 12 462 өтініш).

Көбінесе (өтініштердің 96% астамы) қазақстандықтар өздерінің жинақтарын медициналық мақсаттарда стоматологиялық қызметтерге пайдаланады. Өтініштердің тек 2,8% офтальмологиялық қызметтерді алу мақсатында орындалды. Қалған медициналық бағыттарға зейнетақы жинақтарының 1% - дан азы пайдаланылды.

Салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на уәкілетті оператордан («Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ) 31,9 млрд теңге қайтарылды, бұл қаражат өтініш берушінің қалауы немесе өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған.

Зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану жөніндегі өзекті статистикамен www.enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» – «Емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдері» бөлімінен танысуға болады.

Ағымдағы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша, инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ)  8,7 млрд теңге аударылып, БЖЗҚ 5 891 өтінішті орындады. Бұл ретте бірегей өтініш берушілердің жалпы саны 3 379 адамды құрады. Бұл өз жинақтарының бір бөлігін бірнеше басқарушы компанияға беруге шешім қабылдаған салымшылар бар екенін білдіреді. Аударымның орташа сомасы 1,5 млн теңге.

Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру бойынша егжей-тегжейлі статистика enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» - «Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға беру» бөлімінде жарияланған.

Қазіргі уақытта БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруға қатысты төрт ИПБ-мен шарт жасасты. Осы ИПБ туралы ақпаратпен enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» - «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізбесі» бөлімінде танысып, инвестициялық декларацияларын зерделеуге болады.

Естеріңізге сала кетсек, БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін алғаннан кейін ИПБ оларды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылдың 3 ақпанындағы №10 қаулысымен бекітілген Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында көрсетілген және ИПБ инвестициялық декларациясында көзделген рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялайды.

Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңға сәйкес, ИПБ инвестициялық басқаруды жүзеге асырғаны үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ сыйақысының шекті шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5%  аспауы тиіс. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ-ның басқарушы органы бекітеді және ол жылына бір рет қана өзгеруі мүмкін.

Салымшы зейнет жасына толғанға дейін Ұлттық Банктің басқаруында болатын зейнетақы жинақтарына инфляция деңгейі ескеріліп отыратын сақталу кепілдігі қолданылады. Зейнетақы жинақтары ИПБ-ның басқаруына аударылған жағдайда, мемлекеттік кепілдік басқарушы компанияның зейнетақы активтерінің ең төменгі кірістілік деңгейін қамтамасыз ететін кепілдігімен алмастырылады. Кірістіліктің ең төменгі деңгейі нарықта әрекет ететін ИПБ-ның басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірістілігін негізге ала отырып, есептеледі.

 

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).