Сара жол айқындалды

Сара жол айқындалды

1 қыркүйек күні еліміз жыл сайын үлкен үмітпен күтетін ел Президентінің Жолдауы жарияланды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бүкіл әлемді алаңдатып отырған пандемиямен күрес жолдары, оның алып келген зардабы мен еліміздегі өзгерістерді айта келіп, еліміздің әлеуметтік дамуына, ел тұрғындарының табысы мен жұмыс орындарының сақталуына, халқымыздың денсаулығы мен өмірін сақтау жолындағы жұмыстарға баса назар аударды.  Сондай-ақ әлем пандемияны толық жеңуі үшін кем дегенде 2 жыл мерзім уақыт керек екенін, ал қазіргі таңдағы пандемия алып келген жаһандық экономикалық-әлеуметтік дағдарысты қалыпқа түсіруге 5 жыл уақыт керектігін атап өтті.

Президент Жолдауы еліміздің болашақ дамуын айқындап берді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында, қарапайым еңбек адамының, зейнеткерлердің, мемлекеттік қызметшілер мен ғалымдардың, депутаттар мен министрлердің, құқық қорғау органдары мен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің міндеттерін, қызметтеріндегі өзгерістер мен жаңалықтарды айтып өтті. Әсіресе денсаулық саласы қызметкерлер еңбегінің бағалануы керектігін, әлеуметтік көмектің тағайындалуын тапсырды. Себебі пандемия уақытында алдыңғы шепте жүрген ақ халатты абзал жандар екені бәрімізге белгілі.

Бәсекеге қабілетті ел боламыз десек, білімді алдыңғы қатарға қоюымыз керек екенін,  білімді ұрпақтың ел болашағы екенін еске салды.  Ел Президенті өз Жолдауында білім беру саласына тоқталып өтті. Білім беру саласының қашықтықтан ұйымдастырылып отырғанын, қашықтықтан білім беру жүйесінің әдеттегі дәстүрлі сабаққа жетпейтіндігіне тоқталды. Әрбір оқушы мен ұстаздың денсаулығы мен өмірін сақтау жолын ескере отырып, дәстүрлі жүйе бойынша білім алуға барша жағдай жасауды тапсырды.  Сонымен қатар Президентіміз ұстаздардың еңбекақысы жайлы айтып,  келесі жылдың қаңтар айында ел ұстаздарының еңбекақысын 25 пайызға өсіруді тапсырды. Сондай-ақ Президент Жолдауындағы «Аңсаған сәби» бағытында әр шаңыраққа шаттық сыйлар бала сүю бақытына қол жеткізуге қолдау, балаларды қорғау – бауыр еті балаларымызды кез келген зорлық зомбылықтан қорғау өзекті мәселесі ұлтымыздың сапасын арттырудағы басты бағыттың бірі екенін,  «Отбасы» бағытындағы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы баспанаға қол жеткізуді субсидиялау, денсаулық, жер-су, экологиялық тазалық сияқты көптеген әлеуметтік салаларды дамытуға бағытталған жұмыс жоспарлары көңілден шықты.

Жолдау болашағымыздың іргесін нықтауға міндеттейді. Ендеше қуатты Қазақстанды бірге құрып, елдің әл-ауқатын жақсарту жолында жемісті жұмыс істеп, ерінбей еңбектенейік!

«Аудандық мәдениет үйі» МКҚК-ның  директоры, Шәріпова С.Х.