
Бүгін Новорыбин ауылдық округінде маңызды оқиға – ауысымына 45 келушіні қабылдайтын жаңа дәрігерлік амбулаторияның салтанатты ашылуы өтті. Нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынды. Жобаның жалпы құны 325,5 млн теңгені құрады.
Жаңа медициналық нысанда алғашқы медициналық-санитарлық және білікті медициналық көмек Новорыбин ауылының тұрғындарымен қатар, көршілес Еңбек, Құрылыс, Рамадан, Табиғат, Қара-Өзек елді мекендерінің тұрғындарына да көрсетілетін болады. Жалпы тіркелген халық саны 1 500 адамнан асады.
Заманауи дәрігерлік амбулаторияның салынуы – ауыл халқы үшін үлкен маңызға ие. Бұл алғашқы медициналық көмекті уақытылы, қолайлы және тиімді түрде алуға мүмкіндік береді. Енді Новорыбин округінің тұрғындары медициналық қызметтерді ауылдан шықпай-ақ, жайлы жағдайда ала алады.
Жаңа, кең, жарық ғимарат заманауи жиһазбен және қажетті медициналық жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген: дефибриллятор, фетальды монитор, видеокольпоскоп, негатоскоп, қақырық жинауға арналған кабина, ЭКГ аппараты, небулайзер және т.б. Орнатылған компьютерлік техника саны – 7 бірлік, веб-камералармен жабдықталған. Медициналық техникамен қамтамасыз етілу деңгейі 100%.
Амбулаторияда дәрігердің, акушердің консультацияларын алу, емдік процедуралардан өту, сондай-ақ аудандық және облыстық мамандардың қашықтықтан тексеруі арқылы әртүрлі медициналық қызметтер қолжетімді.
Салтанатты шараға аудан әкімі Біржан Әбдірахманов, округ әкімі Данияр Шүленбеков және округ тұрғындары қатысты.
Биылғы жылы қосымша Урюпинка және Қына ауылдарында екі ФАП құрылыс жұмыстары аяқталды.
Баршаңызды жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылуымен құттықтаймыз! Дендеріңізге саулық, ұзақ ғұмыр тілейміз!