Отырар ауданында әкімшілік ғимаратының акт залында ауыл тұрғындарымен білім беру ұйымдарындағы ардагерлер кеңесінің, мүшелерімен кездесу өткізілді.
Кездесудің мақсаты - кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы жасалатын қылмыс пен құқықбұзушылық, діни жат ағымға енулерінің алдын-алу бағытында құзырлы органдармен бірлесіп тиісті шараларды қабылдау, жасөспірімдер тәрбиесінде ата-аналар, сынып жетекшілер мен педагогтердің өзара байланысын жандандыру.
Аталған іс-шарада кәмелетке толмаған жасөспірімдердің жасаған қылмыстары үшін балалар колониясындағы жасөспірімдер тағдыры туралы бейнероликтер көрсетіліп, Түркістан облысының дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Ж.Жорабек «Діннің интернет арқылы жастарға ықпалы» тақырыбында сөз сөйледі.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 453 және 490-баптарында көзделген құқықтық жауапкершілік туралы жеткізе отырып, радикалды топтардың зияны мен ұлттық құндылықтардың сақталуы жөнінде ойымен бөлісті.
Мекеме қызметкерлеріне білім ордаларында дін саласындағы арнайы бекітілген әдебиеттер мен дереккөздерді, сайттарды ғана қарау туралы түсіндірме жұмыстарын тұрақты жүргізуге шақырды.
Себебі, бүгінде жастар күнделікті бос уақыттарының басым бөлігін интернет кеңістігімен өткізуде.
Кездесу соңында қызметкерлер тарапынан жастарға діни тұрғыдан оң әсер ету бағытында мәселелер ортаға салынып, қызықтырған сұрақтарына мамандар тарапынан тұщымды жауаптар берілді.
Алдағы уақытта аталған тақырыпта аудан жастарын толығымен қамту көзделуде.
Материал Түркістан облысы бойынша ТҚК
аппаратының ақпараты негізінде дайындалды