Алматыда діни радикалданудың алдын алу мәселелері талқыланды

Алматыда діни радикалданудың алдын алу мәселелері талқыланды

Ағымдағы жылдың 26 наурызында Алматыдағы түзеу мекемелерінде діни радикалдануды ерте анықтау және алдын алу жолдары талқыланып, мамандар тәжірибе бөлісті. Қатысушылар сотталғандармен жұмыс істеу, ресоциализация және экстремизмнің таралуына жол бермеу тәсілдерін меңгеруге мүмкіндік алды.
Алматыда түзеу мекемелерінде діни радикалдануды ерте анықтау және оның алдын алу мәселелеріне арналған арнайы семинар өтті.
Оқу іс-шарасына қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері, теологтар мен сотталғандармен жұмыс істейтін имамдар қатысты.
Семинар барысында бас бостандығынан айыру орындарында экстремистік идеологияның таралуының алдын алу жолдары, теориялық негіздері мен практикалық тетіктері кеңінен талқыланды. Сарапшылар сотталғандар арасындағы діни көзқарастың өзгеру механизмдері, радикалды ұстанымдардың қалыптасу кезеңдері және оған әсер ететін факторлар жөнінде талдамалық мәліметтер ұсынды.
Әсіресе, радикалданудың алдын алуда мінез-құлықтағы өзгерістерді дер кезінде анықтаудың маңыздылығы атап өтілді. Мамандар мұндай белгілер арқылы экстремистік идеялардың таралуына жол бермеуге болатынын жеткізді.
Сонымен қатар жиында сотталғандарды қайта әлеуметтендіру, дұрыс теологиялық түсіндіру жұмыстарын жүргізу және түрлі ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселелері қарастырылды.
Кездесу соңында қатысушылар тәжірибелік кейстерді талқылап, өзара пікір алмасып, бұл бағыттағы біліктілікті арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Мамандардың айтуынша, мұндай іс-шаралар экстремизм мен терроризмнің алдын алу жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ сала мамандарының кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етеді.

 

Материал Алматы қаласы бойынша
ТҚК аппаратының ақпараты негізінде дайындалған