
Ағымдағы жылдың 26 наурызында Алматыда өткен кездесуде экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелері талқыланып, тұрғындарға қауіптің алдын алу жолдары түсіндірілді. Сарапшылар жастарды радикалды идеологиядан қорғауда қоғам, ата-ана және білім беру ұйымдарының рөлі маңызды екенін атап өтті.
Алматыда тұрғындар, оқушылар мен педагогтардың қатысуымен экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелеріне арналған кездесу өтті.
Іс-шара барысында мамандар қоғамға төнетін қауіптерді түсіндіріп, жастарды радикалды идеологиядан қорғау жолдарын талқылады.
Кездесу барысында ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Б.Абдрахман экстремизм мен терроризмнің қоғам қауіпсіздігіне ғана емес, ұлттық бірлікке де қатер төндіретінін атап өтті. Оның айтуынша, әсіресе діни және құқықтық сауаттылығы төмен жастар теріс идеологияның ықпалына жиі ұшырайды.
Спикерлер азаматтық қоғамның рөліне ерекше тоқталып, күмәнді әрекеттер туралы тиісті органдарға дер кезінде хабарлау маңызды екенін жеткізді. Сонымен қатар ата-аналар мен мұғалімдердің бақылауы, жастарды әлеуметтік желідегі радикалды контенттен қорғау мәселелері де көтерілді.
Қатысушыларға террорлық қауіп туындаған жағдайда әрекет ету алгоритмі түсіндіріліп, арнайы бейнематериалдар көрсетілді. Кездесу соңында тұрғындар өз сұрақтарына жауап алды.
Жалпы 200-ге жуық адам қатысқан жиын қоғамда экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарының маңызын көрсетті.
Материал Алматы қаласы бойынша
ТҚК аппаратының ақпараты негізінде дайындалған