
Ұлытау өңірінде зайырлы қағидаттарды насихаттау және экстремизм мен терроризм идеологиясының алдын алу мақсатында бірқатар мазмұнды ақпараттық кездесулер өтті. Шаралар Жезқазған қаласының Мамандандырылған күзет қызметі басқармасында, Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжінде, сондай-ақ Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы мешіттерде ұйымдастырылды.
Кездесулерге арнайы шақырылған белгілі сарапшы, теолог әрі психолог Арман Қуанышбаев қатысып, өңір тұрғындары мен жастарға деструктивті ағымдардың пайда болу себептері мен олардың қоғамға тигізетін ықпалы туралы жан-жақты түсінік берді. Спикер конфессияаралық келісімнің маңызы, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету тетіктері және алдын алу тетіктерін қалыптастыру бағытында маңызды ойларымен бөлісті.
Сонымен қатар радикалды идеологиялардың таралу қаупі, интернет кеңістігіндегі деструктивті контенттен қорғану жолдары, экстремизм мен терроризмге қарсы ақпараттық иммунитет қалыптастыру мәселелері кеңінен қозғалды. Жиын барысында ұлттық құндылықтар мен адамгершілік ұстанымдарының қоғам бірлігін сақтаудағы рөліне ерекше назар аударылды.
Ұйымдастырылған шаралар өңір тұрғындарының танымдық сауаттылығын арттыруға, дәстүр сабақтастығын нығайтуға, әсіресе жастар арасында радикалды көзқарастардың алдын алуға оң әсерін тигізуде. Рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мұндай бастамалар елдің тұрақтылығы мен қоғамдық келісімінің берік негізіне айналуда.
Материал Ұлытау облысы ТҚК аппараты
ұсынған ақпарат негізінде дайындалды