«Алматы облысы: кәмелеттік жасқа толмағандар арасында діни сауаттылықты арттыру және радикализмнің алдын алу»

«Алматы облысы: кәмелеттік жасқа толмағандар арасында діни сауаттылықты арттыру және радикализмнің алдын алу»

Алматы облысы аумағында кәмелеттік жасқа толмағандар арасында экстремизм мен терроризмнің алдын алу, интернет кеңістігіндегі қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, Талғар ауданы, Талдыбұлақ ауылы «№46 орта мектебінде», Іле ауданы, Екпінді ауылы «№48 орта мектебінде», Қарасай ауданы, «Шамалған ауылы орта мектебінде» және Еңбекшіқазақ ауданы аумағындағы «Шелек ауылындағы қазақ орта мектебінде» кездесулер өткізілді. Іс-шараларға барлығы 346-дан астам оқушы мен білім саласының өкілдері қатысты.
Кездесулерді ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, дінтанушылар Әбдіхамитов Бақдәулет Халилуллаұлы, Мұрзабаев Нұрлан Сабирович пен «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының» мамандары – Кырбасов Тимур Улугбекович және Ражибай Улан Болатбекұлы жүргізді.
Іс-шаралар барысында радикалды және жалған діни идеологиялардың жастар санасына ықпал ету тәсілдері, интернет арқылы таралатын күмәнді контенттің сипаты, әлеуметтік желілердегі қауіпті топтардың белгілері, сондай-ақ жеке және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдары жан-жақты түсіндірілді. Қатысушыларға ақпараттың шынайылығын тексеру, сыни ойлау дағдыларын дамыту және ресми дереккөздерге сүйену қажеттігі жөнінде нақты ұсынымдар берілді.
Кездесулер ашық диалог форматында өтіп, жастар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Белсенді қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Өткізілген шаралар өңірдегі жастардың діни сауаттылығын арттыруға, қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға және экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

 

Материал Алматы облысы бойынша ТҚК
аппаратының ақпараты негізінде дайындалды