Қазіргі таңда, әсіресе жастар әлеуметтік желілерде көп уақыт өткізіп, оны негізгі ақпарат көзі әрі қарым-қатынас құралы ретінде пайдаланады. Соның салдарынан олардың кейбірі деструктивті идеология жақтастарының ықпалына осал болып келеді.
Заманауи технологиялар адамға қабылдау арналарының барлығы арқылы дерлік әсер етуге мүмкіндік береді. Негізгі сайттар мен жеке бейнеарналардан бөлек, түрлі бейнероликтер мен баннерлік жарнамалар кеңінен қолданылады. Сонымен қатар, азаматтарға деструктивті құлшылық жиналыстарына онлайн режимде қатысу мүмкіндігі ұсынылады, семинарлар, конференциялар мен деструктивті культтердің жиындары тікелей эфирде көрсетіледі және басқа да тәсілдер пайдаланылады.
Деструктивті идеология жақтастары зайырлы мемлекеттерде қалыптасқан дәстүрлі діни көзқарастар мен нормаларға қарсы шығып, радикалды идеяларды насихаттайды және оларды күштеп таңу әдістерін қолданады. Олар өз ізбасарларын топ жетекшілерінің бұйрықтарына соқыр түрде бағындыру үшін сананы манипуляциялау және психологиялық ықпал ету тәсілдерін пайдаланады.
⦁ Мұндай ұйымдарда культтен шығу еркіндігі көбіне сөз жүзінде ғана кепілдендіріледі. Еркіндігін қайта алуға талпынған адамдар туралы деректер бар. Алайда олардың санасына сіңірілген қорқыныш пен культ тарапынан жасалған қысым психологиялық бұзылыстарға әкелген жағдайлар кездеседі. Бүгінгі күні деструктивті идеология арбаушысын дер кезінде танып, өзіңізді және жақындарыңызды қорғау аса маңызды, – дейді Абай облысы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог маманы Мақсат Ботаханов.
Деструктивті идеология арбаушылары үшін ең осал топ – өмірлік қиындықтарға тап болған, күйзеліске ұшыраған, достары мен туыстарының қолдауынан айырылған адамдар. Осындай сәтте культ мүшелері «көмек» ұсынғандай болып, сенімге кіруге тырысады. Интернеттегі арбаушылар көбіне қыздармен немесе жас жігіттермен, яғни жастар санатымен байланыс орнатады. Әдетте олар ұзаққа созылған күйзелісті, өмірлік мақсатының жоқтығын, психологиялық немесе материалдық қиындықтарды бастан өткеріп жүрген жастарды нысанаға алады.
Мұндай жастардың әлеуметтік желідегі парақшаларында көбіне қара-ақ түсті мұңды суреттер, «мені ешкім түсінбейді» деген мазмұндағы жазбалар, сәтсіз қарым-қатынастар, жалғыздық, өмірдің мәні туралы ой-толғамдар жарияланады. Кей жағдайда өмірлік серік іздеп, бірақ таба алмай жүрген адамдар да таңдалады. Олардың парақшаларында жеке ақпарат көптеп кездеседі. Сондай-ақ діни дағдарысты бастан кешіріп, дінде өзін іздеп жүрген жандар да арбаушылардың жиі нысанасына айналады. Оларға өздерінің сенімге қатысты көзқарасын ұсынады.
Мақсат Ботахановтың айтуынша, арбаудың алдын алудың ең маңызды жолы – жақын адамның өміріне бейжай қарамау, оған қолдау көрсету және туындаған мәселелерді шешуге көмектесу.
Әлеуметтік желілердегі ақпаратқа сын көзбен қарап, сақ болыңыз. Күмәнді жарнамалар мен хабарламаларға қатысты әлеуметтік желілер мен сайт әкімшілігіне шағымданыңыз. Егер сізді табанды түрде мазаласа, құқық қорғау органдарына жүгініңіз.
Материал Абай облысы бойынша ТҚК
аппаратының ақпараты негізінде дайындалды