
Қазіргі жағдайда қауіпсіздік мәселелері тек күштік және құқықтық шаралармен ғана шектелмейді. Терроризм мен экстремизм ең алдымен құндылықтарды бұрмалауға және санаға радикалды көзқарастарды сіңіруге бағытталған идеологиялық қауіп болып табылады. Осы тұрғыда зайырлы мемлекет қағидаттары мен жоғары руханияттың үйлесімді сабақтастығы зор маңызға ие. Дәл осы үйлесім зорлық-зомбылықты қабылдамау мәдениетін қалыптастырып, қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Қазақстандағы зайырлы мемлекет қағидаты азаматтардың теңдігін, ар-ождан бостандығын және заңның үстемдігін кепілдейді. Бұл ұстанымдар діннің немесе жалған рухани идеялардың радикализмді ақтау құралына айналуына жол бермейтін берік құқықтық негіз қалыптастырады. Зайырлылық жеке сенім мен қоғамдық тәртіптің аражігін нақты айқындап, қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін нығайтады.
Сонымен қатар руханият адамның ішкі жауапкершілігін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Ол өмірге деген құрметті, адамгершілік бағдарларды және деструктивті идеологияларға қарсы тұра білу қабілетін тәрбиелейді. Руханият – тек діни ұғым ғана емес, ол ойлау мәдениеті, адамгершілік, білімге және жасампаздыққа ұмтылу. Дәл осы қасиеттер тұлғаның радикалды ықпалға қарсы иммунитетін қалыптастырады.
Бұл бағытта Абай облысының орны айрықша. Өңірдің ағартушылық әрі рухани мұрасы бай. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының ақыл, ар-ождан және жауапкершілік туралы идеялары бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оның «Толық адам» философиясы зорлық пен фанатизмді жоққа шығарып, саналы түрде даму жолын таңдайтын тұлғаның бейнесін қалыптастырады.
Өңірде терроризмге қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында білім беру, ағартушылық және жастармен жұмыс істеу арқылы жүйелі шаралар жүргізілуде. Негізгі назар сыни ойлауды дамытуға, дәстүрлі құндылықтарды нығайтуға және құқықтық сауаттылықты арттыруға аударылған. Мұндай тәсіл, әсіресе ақпараттық ықпал күшейген қазіргі кезеңде, экстремистік идеяларға қарсы қоғамдық иммунитетті қалыптастыруға ықпал етеді.
«Терроризм ойлау мәдениеті мен адамгершілік бағдар жойылған жерде пайда болады. Зайырлы мемлекет радикализмнен құқықтық қорғаныс қалыптастырса, жоғары руханият адамның зорлық идеологиясын қабылдауына жол бермейтін ішкі тосқауыл жасайды», – дейді дінтанушы, Абай облысы Дін мәселелерін зерттеу орталығының ақпараттық-түсіндіру жұмысы бөлімінің жетекшісі Дәурен Садықов.
Қорытындылай келе, зайырлы мемлекет қағидаттары мен жоғары руханияттың үйлесімі қоғамдық тұрақтылықтың маңызды негізі болып табылады. Құқықтық нормалар қауіпсіздікті қамтамасыз етсе, рухани құндылықтар тұлғаның ішкі төзімділігін қалыптастырады. Абай облысының тәжірибесі экстремизмге қарсы іс-қимылдың тиімділігі тек заңға ғана емес, қоғамның бейбітшілікке, келісімге және жасампаз дамуға саналы таңдау жасауына тікелей байланысты екенін көрсетеді.
Материал Абай облысы бойынша ТҚК
аппаратының ақпараты негізінде дайындалды