"Қоғамдық келісім - басты құндылық"

"Қоғамдық келісім - басты құндылық"

Қостанай облысы Науырзым ауданында ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері жастармен, еңбек ұжымдарымен, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтармен және әлеуметтік осал топ өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.
Аталған іс-шаралар экстремизм мен терроризмнің алдын алуға, қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталды.
Кездесу барысында ішкі саясат саласының өкілдері еліміздің зайырлы мемлекет ретіндегі негізгі құндылықтарына тоқталып, ұлттық бірлік пен дінаралық татулықтың маңызын атап өтті. Олардың айтуынша, Қазақстан — көптеген этнос пен конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан мемлекет, мұнда өзара құрмет пен сенімге негізделген қоғамдық келісім қалыптасқан.
Мамандар кез келген діннің адамгершілікке, мейірімділікке және ізгілікке үндейтінін атап өтті. Алайда радикалды және деструктивті идеологиялар қоғамға кері әсерін тигізіп, әсіресе жастарды теріс жолға бағыттауы мүмкін. Мұндай ағымдар адамдарды отбасы мен жақын ортасынан оқшаулауға тырысатыны түсіндіріліп, әр азаматтың мұндай қауіп-қатерлерге бейжай қарамай, сақ әрі сергек болуы қажеттігі айтылды.
Кездесу барысында қатысушыларға радикалды ағымдардың негізгі белгілері, олардың ықпалынан қорғану жолдары және діни сауаттылықтың қоғам тұрақтылығындағы рөлі жан-жақты түсіндірілді.
Жиын соңында елдегі бейбітшілік пен қоғамдық келісім - басты құндылық екені атап өтіліп, оны сақтау әрбір азаматтың ортақ міндеті екені жеткізілді. Тек өзара түсіністік пен ынтымақ бар жерде ғана қауіпсіз әрі тұрақты болашақ қалыптасатыны айтылды.

 

Материал Қостанай облысы бойынша ТҚК
аппаратының ақпараты негізінде дайындалды