
Ағымдағы жылдың ақпан айында «Әулие Ата» халықаралық әуежайы аумағында әуежай қызметкерлері мен авиациялық қауіпсіздік қызметінің өкілдері қатысқан терроризмге қарсы қорғалу мәселелері бойынша жоспарлы сабақ өтті.
Іс-шара персоналдың террористік акті жасау қаупі туындаған жағдайда іс-қимылға дайындық деңгейін арттыру, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша практикалық дағдыларды жетілдіру мақсатында өткізілді.
Сабақ барысында қатысушыларға терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қолданыстағы заңнама талаптары жеткізілді, күдікті заттарды анықтаған кездегі, қауіп туралы ақпарат алғандағы, сондай-ақ төтенше жағдайлар туындағандағы іс-қимыл алгоритмдері қарастырылды. Әуежайдың құрылымдық бөлімшелері, авиациялық қауіпсіздік қызметі және құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сабақтың практикалық бөлігінде персоналдың жедел әрекет етуге, жолаушылар мен әуежай қызметкерлерін эвакуациялауға дайындығын тексеруге бағытталған шартты кіріспелер пысықталды.
Іс-шара қорытындысы бойынша қызметкерлердің дайындық деңгейі қанағаттанарлық деп бағаланып, объектінің терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз етудегі өз міндеттері мен жауапкершілігін түсінетіні атап өтілді.
Материал ҚР ҰҚК Жамбыл облысы бойынша департаменті
ТҚО бөлімінің ақпараты негізінде дайындалды